Сайт бойынша іздеу
Академияда түлектермен жұмысқа орналасу және міндетті өтеу мәселелері бойынша кездесу өтті

2026 жылғы 16 сәуірде Қазақ ұлттық хореография академиясының конференц-залында бітіруші курс студенттерінің «Қаржы орталығы» АҚ өкілдерімен ақпараттық кездесуі өтті.

Іс-шара бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша мемлекеттік білім беру гранты негізінде білім алған түлектер үшін жұмысқа орналасу тәртібі мен міндетті өтеу талаптарын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік білім беру гранты есебінен білім алған барлық түлектер Қазақстан Республикасының ұйымдарында үш жылдық немесе соған тең мерзімде міндетті түрде жұмыс істеуге тиіс.

Кездесу барысында «Қаржы орталығы» АҚ өкілдері – Гүлмира Абсаттарқызы Байжанова және Ақзира Серікқалиқызы Серікқали келесі мәселелерді жан-жақты түсіндірді:

  • міндетті өтеудің тәртібі мен мерзімдері;
  • грант талаптарын орындамаған жағдайда қолданылатын жауапкершілік шаралары, оның ішінде айыппұл санкциялары және оқу құнын толық өтеу міндеті;
  • белгіленген талаптарды дұрыс орындау үшін қажетті қадамдық әрекеттер;
  • міндетті өтеуден босату немесе кейінге қалдыру шарттарына қатысты заңнамадағы өзгерістер.

Спикерлер жұмыс орнын саналы түрде таңдаудың және мемлекет алдындағы міндеттемелерді орындаудың маңыздылығын атап өтті. Олар білім беру гранты тек маманның болашағына салынған инвестиция ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершілік екенін ерекше айтты.

Кездесу соңында қатысушыларға жұмысқа орналасу бойынша есеп беру тәртібі түсіндіріліп, туындаған көптеген сұрақтарға жауаптар берілді.