Сайт бойынша іздеу
Академияда хореография педагогтарына арналған біліктілікті арттыру курстары өтті

2026 жылғы 13–14 ақпан күндері Қазақ ұлттық хореография академиясында орта және қосымша білім беру ұйымдарының педагогтарына арналған «Қазақ биін оқыту теориясы мен әдістемесі» және «Шығыс биін оқыту теориясы мен әдістемесі» білім беру бағдарламалары бойынша біліктілікті арттыру курстары басталды.

Әрбір бағдарлама 72 академиялық сағатқа есептелген және аралас форматта (офлайн және онлайн) жүзеге асырылады, бұл тыңдаушыларға теориялық білім мен практикалық дағдыларды тиімді ұштастыруға мүмкіндік береді.

Курстарға Қазақстан Республикасының әртүрлі өңірлерінен — Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Ақмола облыстарынан, сондай-ақ Астана қаласынан педагогтар қатысты. Тыңдаушылардың кең географиясы бағдарламаларға деген жоғары кәсіби қызығушылықты көрсетеді.

2026 жылғы 13 ақпаннан бастап іске асырылып жатқан «Шығыс биін оқыту теориясы мен әдістемесі» бағдарламасы да Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген бағдарламалар тізбесіне енгізілген. Бағдарламаның өзектілігі шығыс халықтарының билерін (өзбек, ұйғыр, тәжік, иран, сирия, корей, қытай) оқыту әдістемесін жетілдіру, қозғалыс координациясын, орындаушылық мәнерлілік пен музыкалылықты дамыту қажеттілігімен айқындалады.

Аталған курстың оқытушысы:

  • Саитова Гүлнара Юсупқызы — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, өнертану кандидаты, профессор, «ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2020» байқауының жеңімпазы, Өзбек ұлттық хореография академиясының құрметті профессоры, Шығыс халықтарының билеріне арналған 90-нан астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектің авторы.

2026 жылғы 14 ақпанда басталған «Қазақ биін оқыту теориясы мен әдістемесі» бағдарламасы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген біліктілікті арттыру курстарының білім беру бағдарламалары тізбесіне енгізілген. Бағдарлама ұлттық хореографиялық өнер мен хореографиялық педагогиканың даму үдерістеріне сәйкес педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған.

Бағдарлама аясындағы дәрістер мен практикалық сабақтарды келесі оқытушылар жүргізеді:

  • Садыкова Анвара Әриповна — өнертану кандидаты, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасының иегері, балетмейстерлік өнер кафедрасының аға оқытушысы;
  • Шамшиев Алмат Шердарұлы — кәсіптік білім беру мектеп-колледжінің арнайы пәндер оқытушысы, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.

Курстардың алғашқы күндері тыңдаушылардың жоғары белсенділігін, кәсіби қызығушылығы мен оқу нәтижелеріне бағытталған ынтасын көрсетті. Ұйымдастырушылардың атына осындай курстарды алдағы уақытта жалғастыру жөнінде сұраныстар түсе бастады.

Қазақ ұлттық хореография академиясы барлық тыңдаушыларға белсенділігі мен өз ісіне деген сүйіспеншілігі үшін алғыс білдіреді және алынған білім мен тәжірибе хореографиялық білім беру сапасын арттыруға, өскелең ұрпақтың би өнеріне деген қызығушылығын күшейтуге ықпал етеді деп сенім білдіреді.