2026 жылғы 26 қыркүйекте Қазақ ұлттық хореография академиясында Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, өнертану кандидаты, профессор Тойған Оспанқызы Ізімнің 75 жылдығына арналған іс-шаралар топтамасы өтті.
Тойған Оспанқызы Ізім — қазақ ұлттық биін сақтау мен дамытуға елеулі үлес қосқан педагог, балетмейстер және зерттеуші. Ол 27 жылдан астам уақытын сахна өнеріне арнап, «Шертер», «Сазген» және «Алтынай» фольклорлық ансамбльдерінің құрамында өнер көрсетті. Оның кәсіби қызметінде хореографиялық педагогика, жас мамандарды даярлау және ұлттық би мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеу маңызды орын алады.
Іс-шаралар бағдарламасы балетмейстер өнер кафедрасының аға оқытушысы, өнертану кандидаты, «Гүлдер» ансамблінің бас балетмейстері Анвара Әріпқызы Садықова ұйымдастырған фотокөрмеден басталды. Экспозицияда Тойған Ізімнің көпжылдық орындаушылық, педагогикалық және ғылыми қызметінің негізгі кезеңдерін бейнелейтін сахналық костюмдер мен фотоархив материалдары ұсынылды.
Одан кейін салтанатты бөлім өтіп, оның барысында әріптестері, шәкірттері және кәсіби қауымдастық өкілдері Тойған Оспанқызын мерейтойымен құттықтап, көпжылдық еңбегі мен отандық хореография өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін ризашылықтарын білдірді.
Салтанатты бөлімнің ерекше оқиғасы Тойған Оспанқызы Ізімге Қазақстан Республикасының бірыңғай ведомстволық наградасы — «Еңбек ардагері» медалінің табысталуы болды. Ол бұл жоғары наградаға көпжылдық адал еңбегі, көрнекті кәсіби жетістіктері және ұлттық хореография өнері мен білімінің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін ие болды.
Бағдарлама шығармашылық кездесумен жалғасты. Қатысушылар мерейтой иесімен бірлесіп атқарған жұмыстары туралы естеліктерімен бөлісіп, оның педагогикалық шеберлігі және қазақ биі әртістерінің, педагогтерінің, хореографтері мен зерттеушілерінің бірнеше буынының қалыптасуына тигізген ықпалы жөнінде әңгімеледі.
Мерейтойлық іс-шаралар аясында «Қазақ биінің мұрасы мен трансформациясы: әдіснама, архивтеу, заманауи контекст» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция хореография өнерінің ғалымдарын, педагогтері мен практиктерін, сондай-ақ отандық және шетелдік білім беру мекемелерінің өкілдерін біріктірді.
Пленарлық отырыс барысында хореография өнерінің тарихи бастаулары мен сабақтастық дәстүрлері, Орталық Азияның ойын және би мәдениеті, қазақ би мұрасын сақтау мен жүйелеу мәселелері, сондай-ақ ұлттық хореографияны дамытудың заманауи тәсілдері қарастырылды.
Конференция қатысушылары Тойған Оспанқызы Ізімнің қазақ биі ғылыми мектебін қалыптастырудағы рөліне, оның әдіснамалық еңбектері мен кәсіби жолына ерекше назар аударды. Баяндамалар материалдық емес мәдени мұраны сақтауға, ұлттық би дәстүрлерін кейінгі ұрпаққа жеткізуге және заманауи жағдайда хореографиялық білімді дамытуға арналды.
2026 жылғы 27 қыркүйекте мерейтойлық бағдарлама Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда жалғасын тауып, «Өнер биігіндегі қос шынар» атты мерекелік еске алу кеші өтті. Іс-шара Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, профессор Тойған Ізімнің 75 жылдығына және Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Үсен Мақанды еске алуға арналды.
Кеш әріптестерді, шәкірттерді, шығармашылық зиялы қауым өкілдері мен хореография өнерін бағалаушыларды біріктірді. Концерттік бағдарламада ұлттық мәдениеттің екі көрнекті қайраткерінің шығармашылық мұрасын, қазақ биін дамытуға және әртістердің жаңа буынын тәрбиелеуге қосқан үлесін айшықтайтын хореографиялық нөмірлер ұсынылды.
Мерейтойлық іс-шаралар Тойған Оспанқызы Ізімнің көпжылдық шығармашылық, педагогикалық және зерттеушілік қызметіне деген терең құрметтің көрінісіне айналды.