Сайт бойынша іздеу
Академияда «Толық адам: Жүрек, Ақыл және Қайрат» интерактивті тренингі өтті

2026 жылғы 12 қазанда Қазақ ұлттық хореография академиясында Хореография факультеті мен Өнер факультетінің бірінші курс білім алушыларына арналған «Толық адам: Жүрек, Ақыл және Қайрат» тақырыбында интерактивті тренинг өтті.

Тренингті арнайы шақырылған сертификатталған бизнес-тренерлер, Назарбаев Университеті Жоғары бизнес мектебінің докторанттары Айгерім Тарбағатаева мен Сабур Ихсан өткізді.

Қатысушылар Абай философиясындағы ақыл, қайрат және жүрек үйлесіміне негізделген «Толық адам» тұжырымдамасын қарастырды. Тренинг барысында саналы көшбасшылыққа, әдепті кәсіпкерлікке, ESG қағидаттарына, жеке жауапкершілікке және шешім қабылдаудағы адамгершілік ұстанымдарға ерекше назар аударылды.

Білім алушылар ішкі пейіл, ниет, әрекет және нәтиже арасындағы өзара байланысты талқылап, тұлғалық қасиеттерін анықтауға бағытталған практикалық тапсырмаларды орындады. Сонымен қатар өздерінің күшті және әлсіз жақтарына, мүмкіндіктері мен одан әрі даму бағыттарына SWOT-талдау жүргізді.

Кездесудің интерактивті форматы бірінші курс білім алушыларының талқылауға белсенді қатысуына, пікір алмасуына, сондай-ақ білімнің, адал еңбектің, жауапкершілік пен ішкі тұтастықтың кәсіби және тұлғалық қалыптасудағы маңызын тереңірек түсінуіне мүмкіндік берді.

Мұндай кездесулер білім алушылардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға, саналы өмірлік ұстанымын қалыптастыруға, сондай-ақ адалдық, әділеттілік және өзара құрмет құндылықтарын нығайтуға ықпал етеді.