Сайт бойынша іздеу
Академияда фортепианолық музыка бойынша есептік концерт өтті

2026 жылғы 15 мамырда Қазақ ұлттық хореография академиясының оқу театрында Академияның кәсіптік білім беру мектеп-колледжінің концертмейстерлік шеберлік және фортепиано бөлімі білім алушыларының есептік концерті өтті. Шығармашылық кеш жас орындаушылар мен олардың ұстаздарын бір сахнада тоғыстырды.

Кеш бағдарламасында әлемдік классика туындылары, халық әуендері, заманауи композициялар, сондай-ақ танымал фильмдер мен мультфильмдердің музыкасы орындалды.

Көрермендер П. Чайковскийдің, С. Прокофьевтің, Д. Кабалевскийдің, К. Вебердің шығармаларын, сондай-ақ жарқын заманауи пьесалар мен танымал саундтректерді тыңдады. Көпшіліктің ерекше ықыласына ансамбльдік қойылымдар мен «Ұйқыдағы ару», «Аққу көлі», «Дон Кихот» және «Пахита» балеттерінен орындалған үзінділер ие болды.

Әрбір нөмір жас әртістердің музыкалылығымен, орындаушылық шеберлігімен және сахна мәдениетімен ерекшеленді. Ұстаздардың қолдауы мен залдағы жылы атмосфера концертті шабыт пен шығармашылықтың шынайы мерекесіне айналдырды.

Іс-шара жас орындаушылардың шығармашылық тәжірибесінің маңызды бөлігіне айналып, көрермендерге жарқын әсер сыйлап, жас музыканттардың таланты мен еңбексүйгіштігін тағы бір мәрте дәлелдеді.