Сайт бойынша іздеу
АСТАНАДА «TEMPS LIÉ» IV КӘСІБИ ХОРЕОГРАФИЯЛЫҚ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ ӨТЕДІ

2026 жылғы 20-22 қараша аралығында Қазақ ұлттық хореография академиясында және «Astana Ballet» театрының сахнасында «Temps Lié» IV кәсіби хореографиялық оқу орындарының халықаралық фестивалі өтеді. Бұл ауқымды мәдени іс-шара Академияның 10 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр. Академия – Орталық Азиядағы көпдеңгейлі хореографиялық білім берудің толық циклін жүзеге асыратын алғашқы әрі жалғыз оқу орны. Фестиваль халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, педагогикалық тәжірибе алмасуға және әлемдік хореографиялық қауымдастықпен ықпалдастықты дамытуға бағытталған.

Фестивальдің салтанатты ашылуы 20 қараша күні сағат 19:00-де «Astana Ballet» театрының сахнасында өтеді. Көрермендер бұл кеште Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері орындайтын Мариус Петипаның «Раушан гүлі мен көбелектің романы» (Рикардо Дригоның музыкасына қойылған) балетін тамашалай алады. Ашылу салтанатының алдында сағат 16:30-да «Бидегі бірлік: әлемдік хореографиялық мектептерді дамыту перспективалары» атты халықаралық форум өтеді.

21 қараша күні «Astana Ballet» театрында «Temps Lié» IV халықаралық фестивалінің ашылуына орай ресми баспасөз конференциясы өтеді (15:30-16:00). Фестивальдің екінші күні сағат 17:00-де қонақ қатысушылардың гала-концертімен жалғасады. Онда әлемнің жетекші бейінді жоғары оқу орындары мен академиялары өз бағдарламаларын ұсынады. Олардың қатарында Бейжің би академиясы, Борис Эйфман би академиясы, А. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі, Бразилиядағы Үлкен театр мектебі, Венгрия би университеті және басқа да хореографиялық мектептер бар. Фестиваль аясында Астанаға әртүрлі елдерден хореография өнерінің қайраткерлері мен сарапшылар келеді. Олардың қатарында танымал венгр хореографы Тамаш Тополянски, италиялық балетмейстер әрі халықаралық деңгейдегі педагог Ирма Кардано, америкалық танымал хореограф Норберт де ла Круз, Жапониядағы «Sofia Ballet Academy» көркемдік жетекшісі Мичиё Косака және басқа да өнер майталмандары бар.

Фестивальдің шарықтау шегі 22 қараша күні сағат 17:00-де «Astana Ballet» театрының сахнасында өтетін «Академия түлектерінің жұлдызды жолы» атты қорытынды гала-концерт болмақ. Концерт ұрпақтар сабақтастығын және кәсіби кадрларды даярлаудың жоғары деңгейін паш етеді.

«Temps Lié» фестивалі – түрлі мәдениеттерді тоғыстырып, үздік орындаушылық шеберлікті танытуға және тың шығармашылық бастамаларға серпін беретін ауқымды өнер мерекесі. Қазақ ұлттық хореография академиясы балет өнерін бағалайтын барша қауымды осы айтулы мәдени шараға қатысуға шақырады.

Қазақ ұлттық хореография академиясының баспасөз қызметі +7 777 978 24 63