Сайт бойынша іздеу
Астанада «Temps lié» хореографиялық оқу орындарының IV Халықаралық фестивалінің ашылуы өтті

20 қарашада елордада әлемнің жетекші балет мектептері мен академияларын, хореография өнерінің көрнекті қайраткерлерін және түрлі елдердің жас орындаушыларын біріктірген «Temps lié» кәсіби хореографиялық оқу орындарының IV Халықаралық фестивалінің салтанатты ашылуы өтті.

Ауқымды мәдени іс-шараны Қазақ ұлттық хореография академиясы ұйымдастырды. Биыл фестиваль оқу орны үшін ерекше кезеңде – Академияның 10 жылдық мерейтойы аясында өтуде. Академия – Орталық Азиядағы көпдеңгейлі хореографиялық білім берудің толық циклін қамтамасыз ететін алғашқы әрі жалғыз оқу орны.

Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтау хаты оқылды. Онда министр фестивальдің жас әртістердің кәсіби қалыптасуына, тәжірибе алмасуға және хореография саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосатынын атап өткен. Сондай-ақ жас дарындарды қолдау мен отандық балет мектебін одан әрі дамытуға ерекше мән берілді.

Фестивальге қатысушылар мен қонақтарға құттықтау сөзін Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова мен CNPC Central Asia Ltd. бас директоры Ли Шуфэн де арнады.

Алғашқы күннің басты оқиғасы «Astana Ballet» театрының сахнасында «Раушан гүлі мен көбелектің романы» балетінің көрсетілімі болды.

Қойылымға оның Қазақстанда қайта жаңғыру тарихы ерекше тарихи құндылық береді. Балетті 1903-1904 жылдары Мариус Петипа императорлық сахнаға арнап ойластырған, алайда туынды сол күйі сахна төріне шықпаған еді. Біздің заманымызға дейін либреттосы, Рикардо Дригоның фортепианолық клавирі, Иван Всеволожскийдің костюм эскиздері мен архивтік деректер жеткенімен, түпнұсқа хореографиялық мәтіні жоғалып кеткен. Академияның көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың бастамасымен және қоюшы-хореограф Василий Медведевтің қатысуымен туынды сахна төрінде қайта жаңғырып, жаңа тыныс алды. Сақталған тарихи материалдарға сүйене отырып, шығармашылық топ классикалық балет эстетикасы мен сол дәуірдің көркемдік рухын мұқият сақтай отырып, спектакльді қайта қалпына келтірді.

Қойылымға Академияның әртүрлі жастағы және түрлі кәсіби даярлық деңгейіндегі 130-ға жуық білім алушысы жұмылдырылды. Бұл жобаны маңызды мәдени оқиға ғана емес, сонымен қатар бірегей білім беру тәжірибесіне айналдырды.

21 қарашада фестиваль Қытай, Ресей, Қазақстан, Бразилия, Мажарстан, Моңғолия, Қырғызстан және Өзбекстанның хореографиялық оқу орындарының өкілдері қатысатын гала-концертпен жалғасады.

Фестиваль 22 қарашада қазақстандық хореография мектебі дәстүрінің сабақтастығына арналған «Академия түлектерінің жұлдызды жолы» гала-концертімен аяқталады.

«Temps lié» фестивалі хореография саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, кәсіби тәжірибе алмасуға және жас таланттарды қолдауға бағытталған.