Сайт бойынша іздеу
Астанада Халықаралық жас хореографтар конкурсы басталды

Қазақстан астанасында Қазақ ұлттық хореография академиясы базасында Халықаралық би күніне орай Халықаралық жас хореографтар конкурсы басталды. 2026 жылғы 20–22 сәуір аралығында өтетін ауқымды шығармашылық шарада Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Өзбекстан және Әзербайжан елдерінен келген жас балетмейстерлер бас қосады. Іс-шара авторлық жұмыстарды көрсетуге, тәжірибе алмасуға және хореография өнері саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған кәсіби алаң болып табылады. Бағдарлама аясында конкурс көрсетілімдері, жетекші мамандардың шеберлік сабақтары, сондай-ақ «Өнер жоғары оқу орындарының цифрлық трансформациясы: сын-қатерлер мен перспективалар» форумы жоспарланған. Конкурстың мақсаты — жастардың шығармашылық әлеуетін қолдау, халықаралық мәдени байланыстарды дамыту және хореография өнерін насихаттау. 20 сәуірде Академияның оқу театрында конкурстың ашылу салтанаты өтті. Қатысушылар халықаралық қазылар алқасының мүшелерімен танысты. Конкурсқа баға беретін мамандар қатарында: Константин Заклинский — қазылар алқасының төрағасы, «Достық» орденінің II дәрежелі иегері, РСФСР-дің еңбек сіңірген әртісі; Ирма Кардано — халықаралық педагог-хореограф (Италия); Анвара Садыкова — «Гүлдер» ансамблінің бас балетмейстері, өнертану кандидаты, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасының иегері. Қатысушыларға құттықтау сөзбен Нелли Петкова — ТМД мемлекеттері гуманитарлық ынтымақтастық қоры сыртқы коммуникациялар бөлімінің басшысы сөз сөйледі: «Біздің қор жыл сайын 60–80 жобаға қолдау көрсетеді. Алайда кәсіби балет хореографтарына бағытталған сіздердің жобаларыңыз — бірегей. Қазақ балеті әлемде лайықты жоғары беделге ие. Иә, ол классикалық орыс балет мектебі негізінде қалыптасты, бірақ бүгінде өз ерекшелігімен әлемдік балет қауымдастығы тарапынан толық мойындалған. Біздің қордың директоры Анатолий Иксанов — Ресейдің үздік театр менеджерлерінің бірі (ұзақ уақыт Үлкен театр басшысы болған), маған әрдайым: “Операны Ла Скалада тыңда, балетті Үлкен театрда көр” деп айтатын. Бірақ менің Астанаға бара жатқанымды білгенде: “Астанада да балет көр” деді. А. Иксановтың бұл конкурсты қолдауының екінші себебі — Қазақ ұлттық хореография академиясы ұсынатын тамаша жағдайлар. Мұнда қазақстандық студенттерге де, шетелден келген қонақтарға да үлкен тәжірибе алуға барлық мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар Академияны біздің қорымызбен де белгілі бір байланысы бар тұлға — Бибігүл Нүсіпжанова басқарады. Ол біздің қор тағайындаған, әлемдік деңгейдегі кәсіби жетістіктер үшін берілетін «Достастық жұлдыздары» сыйлығының лауреаты. Үшінші себеп — бұл жоба әртүрлі елдердің балет мектептеріне өзара байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Конкурсқа түрлі елдерден шеберлер келді, бұл қатысушыларға білімдері мен дағдыларын арттыруға жол ашады. Фестивальдің барлық қатысушыларына — жастарға да, шеберлерге де — үлкен табыс пен жемісті жұмыс тілеймін. Сәттілік тілеймін!» Жауап ретінде Академия ректоры Бибігүл Нүсіпжанова сөз сөйлеп, іс-шараның маңызын атап өтті: «Бұл байқаудың Би күніне арналуы кездейсоқ емес. Бұл — барлығымызды шығармашылық, шабыт, бейбітшілік пен келісім жолында біріктіретін мереке. Біз бір-бірімізбен би тілі арқылы сөйлесеміз — бұл бізді жақындастырып, біріктіретін ең басты құндылық». Командаларды таныстырып, ТМД мемлекеттері гуманитарлық ынтымақтастық қоры қолдауына алғыс білдірген Бибігүл Нүсіпжанова жастарға былай деп үн қатты: «Мұнда әртүрлі елдерден келген жас, талантты, өршіл қатысушылар жиналды. Біз бұл алаң сіздер үшін үлкен бастау нүктесіне айналып, өз мүмкіндіктеріңізді толық ашуға жол ашады деп сенеміз. Жас хореографтарды қолдау — әлемдік мәдениеттің болашағына салынған маңызды инвестиция. Баршаңызға табыс, таусылмас шабыт, ой мен тәннің, рухтың шығармашылық еркіндігін тілеймін. Әсемдік әлемді құтқарады!» Сол күні Италия, Ресей, Башқұртстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан келген жетекші мамандардың шеберлік сабақтары өтті. Халықаралық хореографиялық өнер форумы аясында түрлі елдердің жетекші педагогтары мен мамандары ұсынған шеберлік сыныптары ерекше орын алды.

Сонымен, Башқұртстан Республикасының қатысушылары хореографиялық өнер кафедрасының аға оқытушысы Алсу Мулюкованың жетекшілігімен башқұрт биінен шеберлік сабағын өткізді. Қырғыз Республикасын Б. Бейшеналиева атындағы Қырғыз ұлттық мәдениет және өнер университетінің хореография кафедрасының меңгерушісі Замира Маженова таныстырды, ол қырғыз биі бойынша шеберлік сабағын өткізді. Өзбекстан Республикасынан Өзбекстан мемлекеттік хореография академиясының оқытушысы Сусанна Усеинова өзбек биі бойынша шеберлік сыныбын ұсынды. Ресей Федерациясынан Мәскеу мемлекеттік хореография академиясының магистрант Леонид Чистяков орыс биі бойынша шеберлік сабағын өткізді. Сонымен қатар, халықаралық қазылар алқасының мүшесі Ирма Кардано байқау қатысушыларына американдық биші және хореограф Хосе Лимонның техникасы бойынша шеберлік сабағын өткізді Осылайша, шеберлік сабақтарының бағдарламасы әртүрлі ұлттық би дәстүрлерін қамтып, қатысушыларға башқұрт, қырғыз, өзбек және орыс хореографиясының ерекшеліктерімен танысуға, сондай-ақ кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Бағдарлама аясында қазақ биі бойынша шеберлік сабағы кейінірек өтеді.