2026 жылғы 29 мамырда Қазақ ұлттық хореография академиясының акт залында 2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша қосымша білім беру бағдарламаларының білім алушыларының есеп беру концерті өтті.
Іс-шара Академияның Қосымша білім беру және біліктілікті арттыру секторының ұйымдастыруымен өткізіліп, «Шығармашылық шеберхана», «Вокал» және «Фортепиано» бағдарламалары бойынша білім алып жүрген оқушылардың шығармашылық жетістіктерін көпшілік назарына ұсынды.
Концерт бағдарламасы түрлі жанрдағы музыкалық және хореографиялық қойылымдарға толы болды. Кеш шымылдығын Нұрлыай Зейнуллақызы Гайнолланың жетекшілігіндегі «Шығармашылық шеберхана» тәрбиеленушілерінің орындауындағы «Candyman» биі ашты.
Көрермендер жас музыканттар мен вокалистердің орындауындағы қазақстандық және шетелдік композиторлардың шығармаларын, халық әндерін және заманауи музыкалық туындыларды тамашалады. Сондай-ақ концерт барысында жеке орындаушылар мен шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Кештің жарқын қорытындысы ретінде сахнада ұлттық нақыштағы «Көктем нұры» қазақ биі орындалды. Бұл қойылым концерттің сәнін келтіріп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Есептік концерт жас өнерпаздардың шығармашылық жетістіктерін паш етіп қана қоймай, олардың дамуына үлес қосып жүрген ұстаздардың кәсіби еңбегін және ата-аналардың қолдауын айқын көрсетті.
Қазақ ұлттық хореография академиясы балалар мен жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға және сапалы қосымша білім беру арқылы жан-жақты тұлға қалыптастыруға бағытталған жұмыстарын жалғастыра береді.