2026 жылғы 9 сәуірде Хореография академиясы кітапханасы және Тәрбие жұмысы мен әлеуметтік мәселелер бөлімінің бастамасымен өнер мен шығармашылықты тоғыстырған тағылымды мәдени шара өтті. Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Қуыршақ театрының актері» білім беру бағдарламасы бойынша білім алып жатқан үшінші курс студенттері Академияның 1-6 сынып оқушыларына арнап әсерлі де тартымды сахналық шағын қойылымдар ұсынды.
Жас көрермендер әрбір көріністі ерекше ықыласпен қабылдап, шынайы қызығушылық танытты. Әсіресе «Күшіктер биі», «Шығыс биі», «Балерина биі» және «Түйеқұстар биі» қойылымдары көрерменнің көңілінен шығып, нәзік пластикасымен, көркем бейнелеуімен және қуыршақ жүргізу шеберлігімен ерекшеленді.
Қуыршақтардың қатысуымен өткен бұл қойылымдар балаларға қуаныш пен шаттық сыйлап, олардың көңілін көтеріп, шынайы театрлық сиқырға бөледі.