Сайт бойынша іздеу
Академия түлегі Сұлтанбек Ғұмар «Дебюттер достастығы» мемлекетаралық сыйлығының лауреаты атанды

Қазақ ұлттық хореография академиясының түлегі, «Астана Опера» театрының балет солисі әрі хореограф Сұлтанбек Ғұмар беделді «Дебюттер достастығы» мемлекетаралық сыйлығының лауреаты атанды. Марапаттау рәсімі Т. Сатылғанов атындағы Қырғыз ұлттық филармониясында өтті.

Жоғары марапат жас қазақстандық әртіске балет өнері мен хореография саласындағы елеулі жетістіктері үшін табысталды. 2025 жылғы «Дебюттер достастығы» сыйлығына үміткерлер арасындағы байқау қорытындысы бойынша Сұлтанбек Ғұмар Қазақстан Республикасынан лауреат деп танылды. Сыйлық иегерлері қатарында сондай-ақ мәдениет, өнер, ғылым және қоғамдық қызмет салаларында табысқа жеткен Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан өкілдері бар.

Бүгінде Академия түлегінің есімі тек отандық көрермендерге ғана емес, халықаралық кәсіби қауымдастыққа да жақсы таныс. Шығармашылық қызметі барысында ол орындаушылық пен қоюшылық өнерді қатар алып жүрген дарынды әртіс әрі болашағы зор балетмейстер ретінде танылды.

Оның шығармашылығында ұлттық дәстүрлер негізінде заманауи хореографиялық тілді дамыту ерекше орын алады. Сұлтанбек Ғұмардың авторлық жұмыстары қатарында «Рух», «Той бастар», «Аралым», «Кемел адам», «Аңсау», «Mankurt», «Әлем» қойылымдары, сондай-ақ жақында «Астана Опера» театрының сахнасында тұсауы кесілген «Мәңгіліктің төрт сыры» спектаклі бар.

Түлектің шығармашылығы Қазақ ұлттық хореография академиясымен де тығыз байланысты. Оның хореографиялық қойылымдары Академия білім алушыларының концерттік және конкурстық репертуарына енгізілген. Сұлтанбек Ғұмар қойған нөмірлер республикалық және халықаралық байқауларда бірнеше рет ұсынылып, қазылар алқасы мен көрермендердің жоғары бағасына ие болды.

Академия түлегінің шығармашылық жетістіктері халықаралық деңгейде бірнеше мәрте мойындалды. 2025 жылы ол «Critics Awards VII» ұлттық сыншылар сыйлығының «Жаңа есім» номинациясының жеңімпазы атанды. Бұған дейін Қытайдың Ляонин қаласында өткен Халықаралық балет әртістері байқауында «Үздік хореография» аталымы бойынша арнайы жүлдемен марапатталған болатын. Оның авторлық қойылымдары халықаралық фестивальдер мен конкурстарда жетекші балет сыншыларының жоғары бағасына ие болды.

Мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін Сұлтанбек Ғұмар «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен наградталған.

Қазақ ұлттық хореография академиясы өз түлегін жоғары марапатымен құттықтап, шығармашылық табыс, шабыт және халықаралық сахнадағы жаңа жетістіктер тілейді.