Қазақ ұлттық хореография академиясында «Психология – достық пен түсіністіктің кілті» атты психология апталығы өтті. Апталық аясында педагогтар мен білім алушыларды біріктірген ізгі әрі шығармашылық бастамалар жүзеге асырылды.
Психология апталығының бастамасы ретінде «Көңіл-күй өлшегіш» акциясы өткізілді. Бұл шара апталықтың барлық іс-шараларына жағымды серпін берді.
Апталық барысында «Ізгілік поштасы» жұмыс істеді. Онда әркім ұстаздарға, тәрбиешілерге, қызметкерлерге және білім алушыларға алғыс, қолдау және ризашылық сөздерін жолдай алды.
Білім алушылар «Мен бақыттымын, себебі…» акциясына белсене қатысты. Олар өздерін жетістікке жеткенде, жақындары жанында болғанда және барлығы аман-сау кезде бақытты сезінетіндерін айтты. 1–4-сынып білім алушыларына арналған «Қорқыныштар» («Боюськи») акциясы өткізілді. Бұл шара эмоционалды сауаттылықты дамытуға, өз сезімдері туралы ашық айтуға және қорқыныштарды еңсеруге бағытталды.
Апталық «Біз буллингке қарсымыз!» атты қабырға газеттері байқауымен аяқталды. Байқауға қатысушылар бір-біріне мейірімділік, түсіністік және құрмет көрсетуге үндейтін шығармашылық жұмыстарын ұсынды. Байқау қорытындысы бойынша І, ІІ және ІІІ орын иегерлеріне дипломдар табысталды.
Өткізілген іс-шаралар жылы әрі сенімді атмосфераның қалыптасуына, достық қарым-қатынастың нығаюына және оқушылардың психологиялық мәдениетке қызығушылығының артуына ықпал етті.