Сайт бойынша іздеу
Жұмысқа орналасу

Түлектердің жұмысқа орналасуы хореографиялық білім беру сапасы мен Академия жұмысының тиімділік көрсеткіштерінің бірі болып табылады.

Бітіруші курс білім алушыларының жұмысқа орналасуы бойынша жұмысты ұйымдастыру барысында Академия Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы қолданыстағы заңнамасын, сондай-ақ түлектерді жұмысқа орналастыру және міндетті жұмыспен өтеу мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.

Түлектердің жұмысқа орналасу мәселелерін реттейтін негізгі нормативтік құқықтық актілер:

  • Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319-III «Білім туралы» Заңы;
  • Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 11 тамыздағы № 403 бұйрығымен бекітілген Маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен шеккен шығыстарды өтеу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарың жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидалары.

Міндетті жұмысқа орналасуға және жұмыспен өтеуге жататындар:

  • мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары – оқуын аяқтағаннан кейін (бакалавриат, магистратура) меншік нысанына қарамастан ұйымдарда кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндетті;
  • мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде философия докторларын (PhD) даярлау бағдарламасы бойынша докторантурада білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары – оқуын аяқтағаннан кейін кемінде үш жыл білім беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдарда, сондай-ақ мемлекеттік органдарда және (немесе) білім беру бағдарламасының бейініне сәйкес келетін өзге де ұйымдарда жұмыс істеуге міндетті;
  • мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде бейіні бойынша докторларды даярлау бағдарламасы бойынша докторантурада білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары – оқуын аяқтағаннан кейін кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндетті.

Түлектерді бөлу және олардың жұмысқа орналасуына мониторинг жүргізу тәртібі: 

  • бітіруші курс білім алушыларының болжамды жұмыс орындары туралы ақпаратты алдын ала жинау – оқу жылының 31 желтоқсанына дейін;
  • болжамды жұмыс орнын растайтын құжаттарды, оның ішінде жұмыс орнынан анықтамаларды, кепілдік хаттарды және өзге де растайтын құжаттарды жинау – 31 мамырға дейін;
  • мемлекеттік тапсырыс/грант негізінде білім алған түлектерді бөлу жас мамандарды бөлу жөніндегі комиссиямен жүзеге асырылады – 1 шілдеден кешіктірмей;
  • түлектердің жұмысқа орналасуына кейіннен мониторинг жүргізу және тиісті есепке алуды жүргізу.