Сайт бойынша іздеу
2025 жылғы 5 мамырда Қазақ ұлттық хореография академиясының кәсіби білім беру мектеп-колледжінің білім алушылары Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырды

Атаулы шара – Отан үшін жанын қиған батырларымыздың рухына тағзым ету, жас ұрпақтың бойында елге, жерге деген сүйіспеншілікті арттыру, патриоттық сезімді ояту мақсатында өткізілді.

Концерттік бағдарлама сұрапыл соғыста ерлік көрсеткен қазақстандық жауынгерлерді еске алумен басталды. Соғысқа ер-азаматтармен бірге нәзік жандылар да аттанғаны айтылып, олардың қатарында қаһарман қазақ қыздары – Әлия мен Мәншүктің ерлігіне ерекше тоқталды. Майдан даласынан анасына жазған Мәншүктің әсерлі хаты оқылып, қаһарман қыз Әлияға арналған ән шырқалды.

Сондай-ақ, білім алушылар жауынгерлердің отбасына, сүйіктісіне жолдаған хаттарын оқып, көрермендердің жүрегін елжіретті.

Жауынгерлер мен олардың сағынышын бейнелейтін «Журавли» композициясы және майдан шебіндегі махаббатты суреттейтін әсерлі де көңілді «Смуглянка» биі сахналанды.

Іс-шара аясында жас өнерпаздар сахналық қойылымдар мен би өнері арқылы тарихтың ауыр сәттерін шебер жеткізіп, көрермендердің жүрегіне патриоттық рух ұялатты.