2025 жылғы 24 мамырда Қазақ ұлттық хореография академиясында 1–9 сынып оқушылары үшін “Соңғы қоңырау” салтанатты іс-шарасы өтті. Ерекше күнде оқушылар мен ата-аналарға арнап жылы лебіздер мен тілектер айтылып, оқу жылының жарқын сәттері еске алынды.
Салтанатты шара барысында Кәсіптік білім беру мектеп-колледжінің басшысы Кокшинова Светлана Юрьевна сөз сөйлеп, жас дарын иелерін оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтады. Өз сөзінде ол:
– Бұл оқу жылы біз үшін табысты әрі жемісті болды. Білім алушыларымыз көптеген халықаралық байқауларға қатысып, түрлі конкурстарда бақ сынады. Әсіресе, Санкт-Петербургтегі Борис Эйфман атындағы театрға гастрольдік сапар шеңберінде қойылған сахналық қойылым жоғары деңгейде өткенін, бұл біздің халықаралық дәрежеміздің артқанының тағы бір дәлелі екенін атап өткім келеді, – деді.
Сахнада сенімді жүріп келе жатқан жас өнерпаздар алдағы уақытта да талмай еңбектеніп, биік белестерді бағындырады деп сенеміз.
Қазақ ұлттық хореография академиясының ұжымы барлық оқушыларға жарқын жазғы демалыс, жаңа әсерлер мен шабыт тілейді!