3–4 мамыр күндері Астана қаласындағы беделді мәдени ошақтардың бірі — Astana Ballet театрының сахнасында Қазақ ұлттық хореография академиясының дәстүрлі есеп беру концерті өтті. Бұл маңызды өнер кеші — жас бишілер үшін бір жыл бойғы тынымсыз еңбектің, ізденіс пен кәсіби дамудың нәтижесін көрсетуге арналған жауапты сәт болды.
Кеш барысында Академияның талантты тәрбиеленушілері әлемдік балет өнерінің жауһарларынан үзінділер орындап, өздерінің жоғары кәсіби деңгейін паш етті. Жас әртістер сахнада шеберлікпен өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Концерт бағдарламасына Петр Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетінен па-де-де, Людвиг Минкустың «Дон Кихот» балетінен гран па, Цезарь Пунидің «Конек-Горбунок» балетінен көрініс, Арам Хачатурянның «Гаянэ» балетінен үзінді, Лео Делибтің «Коппелия» балетінен вариациялар, А. Аданның «Корсар» балетінен па-де-труа, «Жизель» балетінен вариация және Фарид Яруллиннің «Шурале» балетінен татар биі енді. Сонымен қатар, халық музыкасы негізінде қойылған «Ақбаян»және Нұрғиса Тілендиевтің күйі «Аққулар» негізінде сахналанған билер кештің ұлттық реңкін арттыра түсті.
Классикалық балет үлгілерімен қатар, сахнада заманауи және ұлттық хореография да өз орнын тапқан бұл кеш — көрерменге өнердің биік рухын сездіріп қана қоймай, жас бишілердің шығармашылық ізденісі мен кәсіби дайындық деңгейінің жоғары екенін дәлелдеді.
Концертке өнер сүйер қауым көптеп жиналды. Олардың қатарында еліміздің мәдениет қайраткерлерімен бірге шетелдік меймандар да болды. Бұл — өнердің ұлтқа да, шекараға да бағынбайтын, баршаға ортақ рухани құндылық екенін тағы бір мәрте айғақтады.