2025 жылғы 28 сәуірден 2 мамыр аралығында Түркияның Анкара қаласында түркі әлемінің мемлекеттік балет және хореографиялық оқу орындарының «Анкара» атты халықаралық фестивалі өтті. Іс-шараны Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы – ТҮРКСОЙ Хажеттепе университетімен бірлесіп ұйымдастырды. Фестиваль түркі елдері арасындағы мәдени байланыстарды нығайту мен тәжірибе алмасуға арналған маңызды алаңға айналды.
Фестиваль аясында Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан және Өзбекстанның жетекші хореографиялық оқу орындары басшыларының II отырысы, студенттер мен фестиваль қатысушыларына арналған шеберлік сабақтары, сондай-ақ салтанатты Гала-концерт өтті.
Жиынға ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары мырза Сайит Юсуф және Хажеттепе университетінің проректоры, профессор Сибель Аксу Ылдырим қатысты. Отырыс жұмысына Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Бибігүл Нұрғалиқызы Нүсіпжанова қатысып, кәсіптік хореографиялық білім беруді дамыту, мәдени байланыстарды нығайту және біртұтас түркі мәдени кеңістігі аясында бірлескен шығармашылық бастамаларды біріктіруге бағытталған бірқатар ұсыныстар білдірді.
Жиын барысында классикалық балет, халық-сахналық және заманауи би бағыттары бойынша мамандар даярлау саласындағы негізгі мәселелер талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша 2026–2027 оқу жылында оқытушылар мен білім алушылардың академиялық ұтқырлық бағдарламасын іске қосу, сондай-ақ өзара ынтымақтастық пен түсіністік туралы меморандумдарға қол қою және түркі елдерінің кәсіби хореографиялық білім беру ұлттық жүйелерін жақындастыруға ықпал ететін ортақ білім беру бағдарламасын әзірлеу туралы шешім қабылданды.
Фестивальдің шарықтау шегі — Хажеттепе университетіне қарасты Анкара мемлекеттік консерваториясының концерт залында өткен Гала-концерт болды. Сахнада түркі әлемінің жетекші балет мектептерінің тәрбиеленушілері өнер көрсетті.
Қазақ ұлттық хореография академиясы атынан Гала-концертке 6/9 сынып оқушысы Сырманов Әбілмансұр қатысып, А. Аданның «Жизель» балетінің II актісінен Ж. Перро мен М. Петипа хореографиясындағы вариацияны жоғары шеберлікпен орындап шықты (педагог — Мұрзақұлов А.А.).
Бағдарлама классикалық бидің сұлулығын, халық және классикалық хореографияның ұлттық болмысын көрсетіп, көрерменге эстетикалық ләззат пен түркі халықтарының рухани бірлігін сезінуге мүмкіндік берді.
Халықаралық фестиваль мәдениеттер диалогының, дәстүр сабақтастығының символына айналып, хореографиялық білім мен шығармашылық әріптестікті дамыту жолында жаңа мүмкіндіктер ашты.