Сайт бойынша іздеу
Қазақ ұлттық хореография академиясы - әлем назарында: Euronews қазақстандық балет мектебі туралы айтып берді

Астана, 2025 жылғы 20 ақпан – Қазақ ұлттық хореография академиясы өзінің халықаралық беделін нығайтуды жалғастыруда. Кеше Euronews ірі еуропалық жаңалықтар телеарнасы әлемнің 160 елінде таратылатын Modern Nomads бағдарламасы аясында қазақстандық балет мектебі туралы арнайы репортаж шығарды. Modern Nomads – бұл Euronews телеарнасындағы бағдарламалардың жаңа редакциялық сериясы, оның шеңберінде репортер қазіргі заманды дәстүрлермен үйлестіре отырып және халықаралық перспективаға бағдарлай отырып, Қазақстанның түрлі мәдени көрікті жерлері бойынша саяхатқа шығады. Бағдарлама аясында көрермендер ұлттық өнер, сән, сәулет, дизайн және елдің мәдени дамуының басқа салалары туралы біледі.

«Қазақ балетінің өсіп келе жатқан жұлдыздары Астананың орталық сахнасын бағындыруда» атты шығарылымында Euronews телеарнасы классикалық өнерді ұлттық дәстүрлермен үйлестіретін көрнекті жас әртістер туралы айтып берді. Қазақстан жаһандық балет орталығына айналуда, ал Қазақ ұлттық хореография академиясы жаңа таланттарды дайындау мен дамытуда шешуші рөл атқарады.

Жаңа толқынның жарқын өкілдерінің қатарында жақында беделді еуропалық Budapest ballet Grand Prix-2025 балет байқауында 1-ші орынға ие болған Торғын Лебен бар (педагог – С.Ю. Кокшинова). Оның орындауы ұлттық өнерді жаңа деңгейге көтереді және әртістердің жас буынын шабыттандырады.

Қазақ ұлттық хореография академиясының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова өзінің басты мақсаты жас әртістерге бір кездері педагогтар мен репетиторлар берген барлық тәжірибе мен білімді беру екенін атап өтті: «Мен олардың менен де үздік болғанын қалаймын. Бұл менің міндетім.»

Алтынай Асылмұратова – қазақстандық балеттің басты қайраткерлерінің бірі, әртістердің жаңа буынына нағыз шабыт беруші және тәлімгері. Оның көзқарасы, адалдығы және кемелдікке ұмтылуының арқасында Академия дәстүрді сақтап қана қоймай, сонымен қатар ұлттық балет мектебінің жаңа келбетін қалыптастырады, ол бүкіл әлемге танымал болады. Modern Nomads бағдарламасындағы қазақстандық балет мектебі туралы репортаж әртістерді даярлаудың жоғары деңгейін көрсетеді және олардың халықаралық танылуын күшейтеді. Енді қазақстандық балет, атап айтқанда, Қазақ ұлттық хореография академиясы туралы елімізден тыс жерлерде біледі, бұл Қазақстанның хореографиялық білім беру жүйесі дамыған және әртістерді даярлау деңгейі жоғары мемлекет ретіндегі имиджін нығайтады. Академия Қытай, Ресей, Италия, Франция және т.б. әлемдік хореографиялық мекемелермен ынтымақтастық орнатқан.

Анықтама: Euronews - 16 тілде хабар тарататын және 160 елде қолжетімді Еуропаның жетекші халықаралық жаңалықтар телеарнасы. Оның аудиториясы 430 миллионнан астам үй шаруашылығын қамтиды және редакциялық саясаты экономика, саясат, ғылым және мәдениет саласындағы маңызды әлемдік оқиғаларды қамтуға бағытталған. Euronews арнасында қазақстандық балет мектебі туралы репортаждың трансляциялануы – бұл оның әртістерінің кәсібилігін мойындау ғана емес, сонымен қатар қазақстандық балетті әлемдік аренаға жылжытудағы маңызды қадам. Бұл іс-шара шетелдік кәсіби қауымдастықтармен ынтымақтастықтың жаңа перспективаларын ашады және халықаралық сарапшылар мен өнер сүйер қауымның назарын аударады.

https://www.euronews.com/culture/2025/02/19/meet-the-rising-stars-of-kazakh-ballet-at-astanas-world-class-academy