Сайт бойынша іздеу
Қазақ ұлттық хореография академиясы Санкт-Петербургте табысты өнер көрсетті

22 наурыз, көктемгі жаңарудың, бірлік пен үйлесімділіктің ежелгі символы – Наурыз мерекесі күні Қазақ ұлттық хореография академиясы Санкт-Петербургтегі Борис Эйфман би академиясының театр сахнасында гастрольдік концерт қойды.

Қазақ ұлттық хореография академиясының көркемдік жетекшісі – Ресейдің Халық әртісі, Киров – Мариин театрының, Ұлыбритания Корольдік балетінің және Марсель ұлттық балетінің прима-балеринасы, өз заманының ең көрнекті балериналарының бірі – Алтынай Асылмұратова.

Кеш қонақтары классикалық, заманауи хореография мен қазақ халық билері бір-бірімен тығыз байланысты көп қырлы бағдарламаны тамашалады.

Кеш бағдарламасында Рикардо Дригоның музыкасына жазылған Василий Медведевтің қойылымы «Раушан гүлі мен көбелектің романы» балетінің сюитасы көрсетілді. Бұл ұлы Мариус Петипаның соңғы балеті, ол 120 жылдан астам уақыт бұрын сахналанған, бірақ оның көзі тірісінде ешқашан көрсетілмеген. Көптеген жылдар өткен соң Василий Медведев пен Хореография академиясы Мариус Петипаға негізделген осы бірегей балетті қайта өмірге әкелді. Екінші бөлімде көрермендердің назарына әртүрлі нөмірлер ұсынылады, оның ішінде: Артур Сен-Леонның «Өркешті ат» балетінен алынған «Жанды фрескалар»; Болат Аюхановтың Ференц Листтің музыкасына жазылған «Махаббат армандары»; «Ақбаян» және «Жолбарыс жүрек» ұлттық билері - Қазақстанның ұлттық хореографиясының жетекші шеберлері Анвара Садықова мен Алмат Шәмшиевтің «Хассақ» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің заманауи аранжировкасындағы халық музыкасына қойылымдары.

Академия залдың шынайы ықыласына бөленді: көрермендер әр нөмірге үлкен қошемет көрсетіп, әртістерді сахнаға қайта шығуға шақырды. Студенттер техниканың жоғары деңгейін ғана емес, сонымен қатар терең өздерінің әртістілігі мен жетілу деңгейін көрсетті. Өз өнерлерімен кеш қонақтарын баурап алды.

Бас жаттығуға Борис Эйфман би академиясының президенті-хореографиялық әлемдегі көрнекті тұлға, Ресей Федерациясының халық әртісі Борис Эйфман қатысты.

«Сіздердің бізге келіп, Қазақ ұлттық хореография академиясының жоғары деңгейде екендігін көрсеткендеріңізге өте қуаныштымыз. Сіздің оқытушыларыңыз - нағыз шеберлер. Мен Академия және қазақстандық балет үшін өте қуаныштымын», - деп атап өтті Борис Яковлевич.

Бұл қойылым екі академияның шығармашылық ынтымақтастығының жарқын жалғасы ғана емес, сонымен қатар қазақстандық әртістердің жас буыны елімізді халықаралық сахнада абыроймен танытып отырғандығының айқын дәлелі болды.