Сайт бойынша іздеу
Қазақ ұлттық хореография академиясы тағы да әлемдік өнер сахнасының төрінде

2025 жылғы 6–8 мамыр аралығында серіктес Венгрия би университетінің 75 жылдық мерейтойына орай Қазақ ұлттық хореография академиясының шәкірттері Торғын Лебен мен Әли Құсайынов Будапешт би фестивалі аясында Будапешт ұлттық би театрында өнер көрсетті.

Академия өкілдері Будапешт ұлттық би театрының сахнасында Ференц Листтің «Махаббат арманы» музыкалық шығармасына қойылған Булат Аюхановтың хореографиясындағы концерттік нөмірді, сондай-ақ Петр Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетінен Мариус Петипа хореографиясындағы па-де-де қойылымын көпшілікке тарту етті.

Осындай ауқымды халықаралық шараларға кез келген академия қатыса бермейді. Пекин би академиясы мен Вена операсы жанындағы балет академиясы сияқты беделді оқу орындарымен қатар, Қазақ ұлттық хореография академиясы да Венгрия би университетінің мерейтойына арнайы шақырылды. Бұл – студенттеріміздің жоғары деңгейдегі кәсіби даярлығы мен Академияның Орталық Азиядағы жетекші хореографиялық өнер орталығы ретінде мойындалғанының айқын дәлелі.

«Біз үшін бұл жай ғана өнер көрсету емес, елімізді осындай маңызы зор халықаралық іс-шарада таныстыру — үлкен мәртебе. Өнер арқылы халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға үлес қосып жатқаныма қуаныштымын», — деді Академияның кәсіби білім беру мектеп-колледжінің басшысы Светлана Кокшинова.

Академия Венгрия би университетінің 75 жылдық мерейтойына шақырғаны үшін шынайы алғысын білдіріп, халықаралық мәдени байланысты нығайтуға бағытталған шығармашылық бастамаларды жоғары бағалайды.

Сондай-ақ Қазақ ұлттық хореография академиясына Венгр би университетінен 75 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шарада өнер көрсеткені үшін алғыс хат жолданды.

Бұл алғыс хат – қос ұжым арасындағы халықаралық серіктестіктің жоғары деңгейде екенінің айғағы. Екі ел арасындағы мәдени байланыс талантты шәкірттеріміздің арқасында алдағы уақытта да қарқынды дамитынына сеніміміз мол.

Хатта Академияның білім алушылары әсерлі әрі шабыттандыратын қойылымдарымен көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, мерейтойлық кештің сәнін арттыра түскені атап өтілген.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Академия ұжымы атынан Венгр би университетін мерейлі 75 жылдық мерейтойымен тағы да құттықтап, бізге жолдаған жылы лебіздеріңіз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз