2021 жылдан бастап Академия жас хореографтарды қолдау мақсатында ұйымдастырылатын бірқатар маңызды іс-шараларды жүзеге асыруда. 2022 жылдың 18 сәуірінде Қазақстанның көрнекті хореографиялық өнер қайраткері Мыңтай Тілеубаевтың 75 жылдығына арналған конкурс өтті. 2023 жылғы 28 наурызда аты аңызға айналған қазақстандық балетмейстер Болат Аюхановты еске алуға арналған халықаралық байқау, ал 2024 жылғы 5 сәуірде ұлы қазақстандық балетмейстер Зәуірбек Райбаевты еске алуға арналған байқау өтті. Бұл оқиғалар кәсіби қоғамдастықта кеңінен танылды және ұлттық хореографиялық мектепте сабақтастықты нығайтудың маңызды кезеңі болды.
2025 жылғы 7-10 сәуір аралығында Қазақ ұлттық хореография академиясында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастығының мемлекетаралық қорының қолдауымен ұйымдастырылған Халықаралық жас хореографтар фестиваль-конкурсы өтеді. Іс-шара Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына — халықтарымыз үшін маңызды тарихи және мәдени күнге арналады.
Фестивальге Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Әзірбайжан Республикасы және Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жас хореографтары қатысады.
Фестиваль-конкурстың негізгі мақсаты – дарынды жастардың рухани және адамгершілік қасиеттерін дамыту, олардың шығармашылық әлеуетін қолдау және ашу, тәжірибе және білім алмасу. Фестиваль бағдарламасы мазмұнды және алуан түрлі болады. 8 сәуірде салтанатты ашылу аясында белгілі хореографиялық өнер шеберлерінің шеберлік сыныптары өтеді. 9 сәуірде «Астана Балет» театрының сахнасында байқау бағдарламасы жалғасады, онда фестивальдің 29 қатысушысы II тур аясында өнер көрсетеді. Салтанатты жабылу және лауреаттардың Гала-концерті 10 сәуірде сол сахнада өтеді.
2025 жылы фестивальді ұйымдастыру хореографиялық өнерді насихаттауға және ТМД елдері арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға маңызды әсер ететіні сөзсіз.