2025 жылдың 21 сәуірінде Қазақ ұлттық хореография академиясының акт залында жұмыс берушілермен кездесу сәтті өтті. Іс-шара бітіруші курс студенттері мен жетекші мәдени мекемелердің өкілдерін біріктіріп, тәжірибе алмасуға және кәсіби байланыстар орнатуға арналған тиімді алаңға айналды.
Кездесудің негізгі мақсаты – бітіруші студенттердің жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу және жұмыс берушілерге ашық вакансияларға лайықты үміткерлерді табуға көмек көрсету болды. Қатысушылар еңбек нарығының өзекті талаптарын талқылап, мансаптық даму бойынша құнды кеңестер алды.
Қонақтар қатарында – Ерғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның «Шалқыма» халық би ансамблі, Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры, Түркістан музыкалық-драма театры, Қазақстан Республикасының «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі, «Гүлдер», «Бірлік» ансамбльдері, «TERRA» би театры, ҚР Ұлттық ұланының ән-би ансамблі, ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының орталық ансамблі, «CPG MEDIA GROUP» медиа-компаниясы және т.б. өкілдері болды.
Студенттер белсенділік танытып, сұрақтар қойып, өздерінің үміттері мен кәсіби қызығушылықтарымен бөлісті. Жұмыс берушілер өз ұжымдарының қызметі, бос жұмыс орындары және үміткерлерге қойылатын талаптар жөнінде ақпарат ұсынды.
Қатысушылар мұндай іс-шаралардың жас мамандардың кәсіби қалыптасуында маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Студенттер әлеуетті жұмыс берушілермен тікелей кездесу мүмкіндігіне ризашылықтарын білдірсе, ұйым өкілдері Академия түлектерінің дайындық деңгейін жоғары бағалап, олардың кәсіби ортада жұмыс істеуге даяр екендерін атап өтті.