2025 жылғы 19 маусымда «Ұйқыдағы ару» балетінің премьерасына орай баспасөз конференциясы өтті. Шараға Қазақ ұлттық хореография академиясы мен «Астана Опера» театрдың көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова, балетте басты партияларды орындайтын театрдың танымал солистері Мәдина Унербаева мен Академияның түлегі Бақтияр Адамжан, декорация бойынша суретші Риккардо Массирони және спектакльдің костюмдерін әзірлеген шебер Анна Верди қатысты.
Алтынай Асылмұратова өз сөзінде П. Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» туындысы – ерекше музыкалық әсемдігімен ерекшеленетін шығармалардың бірі екенін атап өтіп, музыка мен хореографияның үйлесімділігіне тоқталды. Сонымен қатар балетте балалардың орны айрықша екенін айтып, қойылымға атсалысқан Қазақ ұлттық хореография академиясының жас дарындарының ата-аналарына алғысын білдірді.
2025 жылғы 20 маусымда Прологы мен Эпилогы бар 3 бөлімді «Ұйқыдағы ару» балетінің премьерасында Академияның білім алушылары өнер көрсетіп, жоғары шеберліктерін танытты. Жазғы демалысқа қарамастан күнделікті дайындыққа келіп, тынымсыз еңбектенген шәкірттеріміз үлкен сахнада өздерінің орындаушылық шеберліктерін жақсы көрсете білді.
Осы қойылымда Академия білім алушыларының өнер көрсетуі – үлкен жетістік. Әлемдік деңгейдегі кәсіби мамандармен жұмыс істеу шәкірттер үшін баға жетпес тәжірибе. Бұл ретте білім алушыларды жоғары деңгейде дайындаған оқытушылардың еңбегін ерекше атап өткен жөн.