Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова Өзбекстан мемлекеттік хореография академиясының ұйымдастыруымен өткен «Өзбекстан халықтары мен шетел мәдени ынтымақтастығының болашағы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.
Конференцияның басты мақсаты – мәдениет саласындағы халықаралық ауқымды жобаларды жүзеге асыру, тәжірибе алмасу және ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қадам басу.
Шараға Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан және басқа да елдерден келген мәртебелі меймандар қатысып, өзара тәжірибе бөлісті.
Өз сөзінде Бибігүл Нүсіпжанова Академия мен Өзбекстандағы мәдениет саласындағы білім беру мекемелері арасындағы тығыз байланыс, ғылыми бағытта жүргізіліп жатқан іргелі жұмыстар және академиялық ұтқырлық бағдарламасының табысты жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Бағдарлама барысында түрлі елдерден келген мәдениет саласының өкілдері өзара пікір алмасып, Өзбекстан тарапынан танымдық-мәдени экскурсиялар ұйымдастырылды.
Конференция аясында ректор Өзбекстан мемлекеттік хореография академиясының өкілдерімен арнайы кездесу өткізіп, алдағы бірлескен жобалар мен ынтымақтастық бағыттарын талқылады.