Сайт бойынша іздеу
Қазан қаласында «Ресей мен ислам әлемінің халықтық көркем мәдениеті» атты халықаралық форум өтті

2025 жылғы 15 мамырда Қазан қаласында Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігі мен Қазан мемлекеттік мәдениет институтының ұйымдастыруымен өткен «Ресей – Ислам әлемі: KazanForum 2025» XVI халықаралық экономикалық форумы аясында «Ресей мен ислам әлемінің халықтық көркем мәдениеті» атты халықаралық форум өтті.

Форумның басты мақсаты – Ресей Федерациясының аймақтары мен Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдер арасындағы әлеуметтік-мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайту, халықтық өнер мен дәстүрлі мәдениетті дамыту бойынша тәжірибе алмасу және мәдени серіктестікті кеңейту.

Форум жұмысына Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Ольга Любимова, Иран Ислам Республикасының Қазан қаласындағы Бас консулы, сондай-ақ Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б. елдерден келген өкілдер қатысты. Форумға Қазақ ұлттық хореография академиясы Хореография факультетінің деканы Айтолқын Тургинбаева қатысып, баяндама жасады. Ол өз сөзінде Академияда қазақ халық биін насихаттау және дәстүрлі өнерді заманауи креативті арт-индустриямен ұштастыру арқылы білім беру жүйесіне интеграциялау тәжірибесімен бөлісті.

Аталған форум халықаралық мәдени ынтымақтастықты дамытуға ғана емес, сонымен қатар халықтар арасындағы рухани байланысты нығайтуға арналған маңызды алаң болды.