Академияның әр жетістігі – көптеген адамдардың еңбегінің нәтижесі. Олар кадр сыртында қалып, бірақ айналамыздағы жайлылық, ыңғайлылық және сұлулықты жасауда басты рөл атқарады. «Біздің адамдар» жобасы – Академияны шабыттанып, шығармашылықпен айналысқың келетін орынға айналдыратын жандардың еңбегі туралы хикаялар.
Хореография академиясында ерекше атмосфера мен жайлылық орнаған бұрыштар бар. Бұған көзіңді қуантатын, көңіл-күйіңді көтеретін тірі өсімдіктер себеп. Осы сұлулықтың артында өз ісіне деген сүйіспеншілігі бар адамның еңбегі жатыр. Бұл адам үшін өсімдіктер – тек жұмыс қана емес, тұтас бір өмір. Бүгінгі «Біздің адамдар» айдарының кейіпкері – Академияның флористі, әрбір гүлге жылу мен қамқорлықпен қарап, айналасын жарқын әрі жылы ететін Гүлден Тлеулесқызы Шайхымова. Сұхбат барысында ол бұл мамандыққа қалай келгені, не нәрсе оған шабыт беретіні және өсімдіктердің денсаулығы мен әдемі болып қалуын қамтамасыз ететін құпияларымен бөлісті.
Сіз өсімдіктерге күтім жасауды қалай бастадыңыз? Бұл мамандыққа қалай келдіңіз?
Бәрі, бәлкім, мектеп кезінен басталған шығар. Сыныптағы гүлдерге күтім жасап, жапырақтарын сүртіп, суарып, тексеріп жүретінмін. Сол кезден бастап өсімдіктерге деген махаббатым пайда болды деп айтуға болады. Кейінірек үйде алғашқы герань гүлдері пайда болды. Мен Целиноградта туып-өстім, біздің пәтерде әрқашан өсімдіктер болды. Содан кейін мен тұрмысқа шығып, ауылға көшкен кезде, бөлме гүлдерінен бөлек, бақшадағы гүлдермен де айналыса бастадым.
Сіз Академияда қанша уақыттан бері жұмыс атқарудасыз?
Мен Академияда оның құрылған кезінен, 2016 жылдан бері жұмыс істеймін. Тіпті бұрын, ғимарат салынып жатқан уақытта осы жерде еңбек еттім. Сол кезде бұл жердің аурасы ұнайтынын түсініп, осында жұмысымды жалғастырғым келді. Алдымен мен вахтер болып қызмет атқардым, бірақ сол кезде де гүлдердің жанынан өткен сайын оларға жақындай бергім келетін. Кейін маған ресми түрде гүлдермен айналысу туралы ұсыныс түсті.
— Мұндай үлкен мекемеде өсімдіктерге күтім жасау қиын ба? Сізде өсімдіктердің жақсы өсуіне көмектесетін құпиялар немесе ерекше әдістеріңіз бар ма? — Әр гүлге өзіндік күтім қажет. Егер өз ісіңді шын жүрекпен сүйсең, қиын деп айта алмаймын. Маған өсімдіктерге күтім жасау- тыныштық сыйлайды. Мен олармен сөйлесемін, егер олар кенеттен ауырып қалса, оларды емдеймін. Гүлдер тірі, олар бәрін түсінеді және маған сонысымен жауап қайтарады.
Сіздің сүйікті өсімдігіңіз немесе гүліңіз бар ма? -Әр гүл өзінше әдемі, балалар секілді. Бір баланы артық, ал екіншісін кем көруге бола ма? Мен барлық гүлдерімді бірдей жақсы көремін, оларды бөліп жармаймын.
Өзіңіз күтіп-баптаған гүлдердің айналадағы адамдарды қуантып жатқанын көргенде қандай сезімде боласыз? — Әр жаңа жапыраққа өзім де қуанамын, ал қызметкерлер менің еңбегімді бағалап, алғыс айтқан кезде, бұл маған ерекше қуаныш сыйлайды.