Қазақ ұлттық хореография академиясының докторанты Нурбосынова Балжан шетелдік ғылыми тағылымдамадан өтіп жатыр. Тағылымдама Грузияның Батуми қаласындағы Батуми мемлекеттік өнер университеті базасында өтуде. Зерттеу тақырыбы – «Қазақстанның цифрлық визуалды өнері мәдени коммуникация контекстінде».
Тағылымдама барысында ғылыми жетекшілікпен профессор, цифрлық коммуникациялар мен визуалды мәдениет саласының маманы Чичилейшвили Майя Константиновна айналысуда.
Нурбосынова Б. «Қазақстан цифрлық визуалды өнерінің нарративтері» тақырыбында «XXI ғасырдағы филология мәселелері және мәдениеттер диалогы» атты халықаралық онлайн конференцияда («Қазіргі коммуникациялық кеңістік» секциясы) баяндама жасап, қазақстандық цифрлық өнердің даму бағыттары мен ерекшеліктерін таныстырды.
Тағылымдаманың маңызды бөлігі ретінде Грузияның кітапханалық қорларымен жұмыс және Батуми мен Тбилисидегі ірі көркем кеңістіктерге бару арқылы елдің мәдени контекстін зерттеу көзделген. Атап айтқанда, докторант Батум мемлекеттік өнер музейі, Аджария музейі, Грузия ұлттық галереясы, Заманауи өнер музейі, Грузия бейнелеу өнері музейі, Tbilisi Digital Space, Batumi Digital Space секілді көрме және мәдени орталықтарды аралап шықты.
Бұл тағылымдама халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға, заманауи өнер саласындағы мәдениетаралық диалогты тереңдетуге және академиялық тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік береді.