2025 жылғы 20 және 21 маусымда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және «Опералия» халықаралық музыкалық фестивалі аясында Мемлекеттік опера және балет театры «Астана Опера» сахнасында П. И. Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетінің жаңа қойылымының көптен күткен премьерасы өтеді.
Бұл ауқымды спектакльде театрдың жетекші солистері және әртістерімен қатар, Қазақ ұлттық хореография академиясының тәрбиеленушілері — жас әртістер де өнер көрсетеді.
Қойылымға Академияның кәсіптік білім беру мектеп-колледжінің төменгі сыныптарынан 25 оқушы қатысады. Олар кәсіби әртістермен бірге сахнаға шығып, жарқын балет спектаклінің бір бөлшегіне айналады.
Әлемдік өнердің алтын қорына еніп, аты аңызға айналған бұл балет сахнада жаңа қырынан ұсынылады. Қойылымды Ресейдің халық әртісі, Қазақ ұлттық хореография академиясының және «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова сахналаған. Оның қойылымы — терең мағынасымен, дәл икемділігімен және классикалық дәстүрге деген құрметімен ерекшеленіп, қазақ сахнасында қарқынды түрде жалғасып келеді.
Академия оқушыларының Қазақстанның жетекші театрларының сахналарындағы репертуарлық қойылымдарға қатысуы — олардың шығармашылық және кәсіби тұрғыдан өсуіне зор мүмкіндік береді. Бұл тәжірибе жас дарындардың сахналық мәдениетін, жауапкершілігін, өзіне деген сенімділігін қалыптастыруға, сонымен қатар ұжымдық жұмыс пен академиялық хореография дәстүрлеріне деген құрметті дамытуға септігін тигізеді.