Қазақ ұлттық хореография академиясы – Орталық Азиядағы хореографиялық білім берудің толық циклін ұсынатын жалғыз оқу орны. Академия балеттің классикалық дәстүрлерін, би өнерінің ұлттық және заманауи бағыттарын біріктіреді. Академияның гастрольдік сапары 22 наурыз Борис Эйфман би академиясының театрында Наурыз мерекесі күні өтеді.
Ұлыстың ұлы күні – көктемгі жаңару мен жасампаздықтын бастауы, бірлік пен үйлесімділіктің ежелгі символы, бірлік пен татулықтың, ізгілік пен ілтипат, бақыт пен қуаныш мерекесі. Кеш қонақтары атақты балет қойылымдарының үзінділерін, сондай-ақ қазақстандық шеберлердің хореографиялық туындыларын тамашалайды. Академияның көркемдік жетекшісі – Ресейдің Халық әртісі, Киров – Мариин театрының, Ұлыбритания Корольдік балетінің және Марсель ұлттық балетінің прима-балеринасы, өз ұрпағының ең көрнекті балериналарының бірі – Алтынай Асылмұратова.
Концерт бағдарламасы Рикардо Дригоның музыкасына жазылған Василий Медведевтің қойылымы «Раушан гүлі мен көбелектің романы» балетінің сюитасымен ашылады. Бұл ұлы Мариус Петипаның соңғы балеті, ол 120 жылдан астам уақыт бұрын сахналанған, бірақ оның көзі тірісінде ешқашан көрсетілмеген. Көптеген жылдар өткен соң Василий Медведев пен Хореография академиясы Мариус Петипаға негізделген осы бірегей балетті жасап, оны көпшілікке сыйға тартты. Балеттің премьерасы 2021 жылы өтті. Екінші бөлімде көрермендердің назарына әртүрлі нөмірлер ұсынылады, оның ішінде:
• Артур Сен-Леонның «Өркешті ат» балетінен алынған «Жанды фрескалар»;
• Болат Аюхановтың Ференц Листтің музыкасына жазылған «Махаббат армандары»;
• «Ақбаян» және «Жолбарыс жүрек» ұлттық билері - Қазақстанның ұлттық хореографиясының жетекші шеберлері – Анвара Садықова мен Алмат Шамшиевтің қойылымындағы «Хассақ» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің заманауи аранжировкасындағы халық музыкасы;
• Академия шәкірттері үшін арнайы жасалған жас қытай хореографы Шан Гаоның қойылымында Георг Фридрих Гендельдің музыкасына жазылған заманауи «Passing» биі.
Бұл гастрольдік сапар Борис Эйфман би академиясы мен Қазақ ұлттық хореография академиясы арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды кезең болады. 2024 жылдың қараша айында Борис Эйфман би академиясының тәрбиеленушілері Астанада өткен Temps lié III Халықаралық балет фестиваліне қатысты. Алдағы Санкт-Петербургтегі гала-концерт Академия студенттерінің кәсіби шеберлігінің бай мұрасы мен жоғары дайындық деңгейін көрсете отырып, осы ынтымақтастықтың жалғасы болады. Қазақ ұлттық хореография академиясы көрермендерді Борис Эйфман би академиясы театрының сахнасында би өнері мен балеттің сұлулығын тамашалауға шақырады.