Сайт бойынша іздеу
Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Гүлнара Жұмасеитова «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.

21 мамыр – шығармашылықты дәріптеп, рухани құндылықтарды ұлықтайтын ерекше күн.

Қазақ ұлттық хореография академиясы – еліміздегі бірегей өнер ордасы. Академия отандық және халықаралық деңгейде би өнерінің үздік дәстүрлерін сабақтастырып, креативті индустрия саласындағы жас дарындарды тәрбиелеп, мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтіп келеді.

Биылғы мерекелік күн Академия ұжымы үшін ерекше қуанышпен орайласты: ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолынан еліміздің мәдени дамуына қосқан зор үлесі үшін Жұмасеитова Гүлнара Тазабекқызы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.

Гүлнара Жұмасеитова – өнертану кандидаты, профессор. Қызмет жолын Абай атындағы МАОБТ-тың балет әртісінен бастап, қазіргі таңда ғылым мен білім саласында еңбек етіп жүрген білікті ғалым.

Ол бүгінде Қазақ ұлттық хореография академиясының Өнертану және арт-менеджмент кафедрасының профессоры қызметін атқарады. Ғылыми жетекші ретінде 2 ғылым кандидатын, 6 магистрант пен 1 докторантты дайындады. Сонымен қатар бірнеше беделді конкурстардың қазылар алқасының мүшесі, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузиядағы халықаралық театр фестивальдерінің арнайы қонағы болды. Өнер саласында жарық көрген бірнеше кітаптың авторы.

Академия ұжымы атынан әріптесіміз Гүлнара Жұмасеитованы шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да шығармашылық табыс, шәкірт тәрбиелеу жолында сәттілік тілейміз!