Рухани жаңғыру – кемел келешек бастауы
Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар-рухани жаңғыру» атты қазақ қоғамына өте қажет тұста ұсынылған бағдарламалық мақаласының жарық көргеніне бір жылдан астам уақыт болды.
Бағдарламалық мақалада дамыған мемлекет болып, зерделі де зияткер ұлт болып әлемдік аренада ойып тұрып өзіндік орын алу үшін қажетті қадір-қасиеттер санамаланып айтылған болатын.
Көз ілеспес шапшаңдықпен дамып, жедел өзгеріп отырған әлемде Ұлт Көшбасшысы айтқандай, рухани жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодымызды сақтау екенін әрдайым есте ұстап, әлемдік өзгерістерге сай жаңаша ойлау жүйесін қалыптастырғанымыз абзал. Ұлттық кодты сақтау дегеніміз – тамыры тереңнен бастау алатын рухани әрі ұлттық болмысымызды нығайтып, жетілдіріп, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету. Ұлттық болмыстың өзі біздің ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерімізден, мәдениетімізден, барлық рухани құндылықтарымыздан бастау алады десек, атадан балаға мирас болып келе жатқан сол құндылықтарымызды заманға сай одан әрі байытып, дамытып, жетілдіріп, оны бүгінгі ұрпақтың санасы мен тұрмысына сіңіру арқылы жаңа ғасырдың жаңа ұрпағын, жаңа ұрпақтың кемел келешегін қалыптастыру.
Сонымен қатар Елбасы рухани жаңғыруымыздың басты құндылығы ретінде бәсекеге қабілеттілікті ұсынады. Бүгінгі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелестік қабілеттілігін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алатынын бүгінгі әлемдік даму үдерісі көрсетіп отыр. Бәсекеге қабілеттілік тек материалдық тұрғыдан ғана емес, рухани әлемде де, атап айтсақ, білім, қызмет, зияткерлік өнім, сапалы еңбек ресурстары тұрғысынан да озық болуды қажет етеді. Соның ішінде бәсекеге қабілеттіліктің ең іргелі, басты факторы білім екенін, білімді әрі зерделі де зияткер ұлт қана табысқа жететіндігін терең түсінуіміз және осы бағытта аянбай еңбек етуіміз керек.
Бағдарламалық мақала аясында рухани кодымыздың басты тетігі болып табылатын қоғам үшін маңызды көптеген шаралар жүзеге асуда:
- латын графикасына негізделген қазақ әліпби қабылданды және оны ғылыми-теориялық және практикалық тұрғыда өмірімізге енгізудің кешенді жоспары жасалынып, латын әліпбиі негізіндегі қазақ тілінің емле ережелерінің жобасы сараптамадан өтуде;
- қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында әлемдегі ең үздік жоғары оқу орындарында оқытылатын 18 оқулықты қазақ тілінде сөйлетті. Ендігі мақсат – осындай баға жетпес дүниені оқу үрдісіне енгізе отырып, студент жастарға әлемдік деңгейде білім берудің зор тетігін қалыптастыру;
- алдымен азаматтық патриотизм, одан кейін қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың бастамасы болған – «Туған жер» бағдарламасы аясында да ауқымды шаралар жасалуда;
- халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында қалыптастыруда;
- Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихына негізделген «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы аясында заманымыздың батырларының есімдері мен ерен еңбектері ұлықталуда.
Сөз соңында айтарымыз, Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үнінен, яғни рухани мәдениетімізден нәр алған, ұлттық рухы сақталған, ұлттық сана-сезімінің көкжиегі кеңейген, бәсекеге қабілетті, рухани жаңғырған тұлғаның – халықтың – мемлекеттің ғана өзіндік дербес даму үлгісі қалыптасып, кемел келешекке нық әрі нақты қадаммен жылжи отырып, дамыған елдердің қатарынан орын алатындығы сөзсіз.
А.Ауелбекова, филология ғылымдарының кандидаты