Қабылдау комиссияларының байланыстары

Эко-марафонға қатысушылар Қазақ ұлттық хореография академиясының жанында ағаш отырғызды

Бүгін, 25 қыркүйекте 760greenkm көп күндік эко-марафонына қатысушылар елордаға келді. Тиісті қашықтықты жүгіріп өткен акцияға қатысушылар Қазақ ұлттық хореография академиясына келді. Мұнда спортшылар бірнеше ағаш көшеттерін отырғызды, экологиялық жобаға Бірінші проректор Бибігүл Нүсіпжанова бастаған Академия өкілдері қатысты.

Жобаға бастамашылық жасаған Галым Чуашев, Дмитрий Ким және Айдын Садибековтің 18 күннің ішінде Қазақстанның 18 қаласында марафондық жүгіруді жоспарлағаны жөнінде алдында хабарланған болатын. Әрбір жүгіру қашықтығы – 42 км 195 м. Эко-марафонның ерекшелігі – мұнда спортшылар тек жүгіріп қана қоймайды, сонымен қатар өздері жүгіріп өтетін барлық  бағыттар бойынша ағаш отырғызады. Жалпы алғанда, акцияға қатысушылар 760 ағаш көшеттерін отырғызуды жоспарлайды, яғни олардың 18 күн ішінде жүгіріп өтетін жолының ұзақтығы 760 км құрайды.

Марафон 20 қыркүйекте Талдықорған қаласында бастау алды. Нұр-Сұлтан қаласы жүгірушілердің бағытындағы алтыншы қала, бұдан бұрын олар Өскемен, Семей, Павлодар және Қарағанды қалаларында болды.

760greenkm эко-марафоны 7 қазанда Алматы қаласында аяқталады. Іс-шара ЮНЕСКО Клубтары Қазақстан Ұлттық Федерациясының қолдауымен ұйымдастырылған.

Яндекс.Метрика