Ұлы дала тарихы және тұлға
БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Рухани жаңғыру» институтымен және Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірлесіп, 2020 жылғы 23 желтоқсанда сағат 11.00-де белгілі саясаткер, тарихшы-ғалым, т.ғ.д., профессор, қоғам қайраткері Зардыхан Қинаятұлының (1940-2016) 80 жыл туғанына орай «Ұлы дала тарихы және тұлға» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция өткізеді.
Конференцияның мақсаты – тарих ғылымының бүгінгі жағдайы мен оның даму бағыттарын талқыға салу, Зардыхан Қинаятұлының ғылыми мұрасын зерделеп, оған баға беру және насихаттау.
З. Қинаятұлы 1940 жылы Моңғолияның Қобда аймағы Қобда сұмынында өмірге келген. Моңғолия мемлекеттік университеті мен Мәскеу қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген. Оның бүкіл саналы ғұмырын екі кезеңге бөлуге болады. Бірі – кеңестік кезеңдегі Моңғолия дәуірі, екіншісі – тәуелсіздік тұсындағы Қазақстан дәуірі. Екеуінде де ол алдына қойған барлық мақсат-міндеттерді абыроймен орындап шықты.
1975-1987 жылдары аралығында Моңғолия Кәсіподағы Орталық комитетінің хатшысы қызметінде болды. 1990-1992 жылдары Моңғолия Үкіметінің Вице-Премьері орынбасары Астана және Моңғолия Парламенті Төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Коммунистік жүйеден кейінгі Моңғолияның жаңа Конституциясын және сол елде жүргізілген саяси-экономикалық реформалардың құқықтық негізін жасаушылардың бірі. Сол дәуірдің болмыс-бітімін З. Қинаятұлы былай дәйектейді: «1980-1990 жылдардағы Моңғолия қоғамы үшін демократиялық жаңа өзгерістер қажеттігін теория тұрғысынан алғашқы болып жария ету бақыты маған бұйырыпты. Мұны бүгін Моңғолияда ешкім жоққа шығара алмайды».
Зардыхан Қинаятұлы 1994 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Қазақстанға келген соң ол саяси өмірге араласуды саябырсытып, тарих ғылымына біржолата ден қойды. Ол өмірінің соңына дейін Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында ғылыми қызметте болды. Ғалым «Жылаған жылдар шежіресі», «Моңғолиядағы қазақтар», «Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түрік тайпалары», «Көшпенділік ғұмыр», «Жошы ұлысы», «Шыңғысхан және қазақ мемлекеті» және т.б көптеген тарихи кітаптар жазып, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосты.
Ғалымның осы дәуірде жариялаған әртүрлі бағыттағы зерттеулерін былай топтастыруға болады: отан тарихы, әлем тарихы, деректану мен тарихнама, тұлғатану, этнография, мемлекеттану, саясаттану, диаспорология, тарих теориясы мен методологиясы. Ең бастысы ол аталған әр саланың ізашары, жаңашылы, түркі жұртшылығы мойындаған зерттеушісі бола алғаны. Шыңғыс хан, Жошы хан, Қазақ мемлекеттілігі мен оның билеушілері, түркі әлемінің тұлғалары жайлы еңбектері, А. Левшинге, В. Бартольдқа, Л. Гумилевке, К. Нұрпейісовке, Бянбын Ринчинге және т.б. арнаған шығармалары ешқашан өз құндылығын жоймақ емес.
Конференция шеңберінде келесі мәселелерді талқылау жоспарлануда:
- З. Қинаятұлының өмірі мен қызметі;
- З. Қинаятұлының ғылыми мұрасы және Отандық тарих ғылымының мәселелері;
- З. Қиянатұлының этнография саласындағы зерттеулері;
- З. Қинаятұлының қазақ мемлекеттілігі тарихын, тұлғатану және диаспорология тарихын зерттеуге қосқан үлесі.
Конференция жұмыс тілдері: қазақ, орыс, ағылшын.
Өткізілу түрі: қалыпты және қашықтықтан Zoom платформасында (конференция идентификаторы 873 7788 9845, кіру коды: 683119)
Қатысушыларды тіркеу Алматы қ., уақытымен сағ. 10.30, конференцияның басталу уақыты: сағ. 11.00.
Конференцияға қатысуға: ғалымдар, қоғамдық және мемлекет қызметкерлері, доктаранттар мен магистранттар, кең ауқымда қоғам өкілдері шақырылады. Конференция бағдарламасы мен жинағына баяндамаларды енгізу үшін ұйымдастыру комитетінің мекен-жайына тіркелу формасын 15-ші желтоқсанға ал баяндама мәтінін 2020-шы жылдың 21-ші желтоқсанға дейін жіберу қажет. Материалдар ұсынылған талаптарға сай рәсімделуі міндеттеледі:
- Тіркеу формасы мен баяндама мәтіні (Конференция тақырыбына сай және 7 парақтан артық емес көлемде) міндетті түрде MS Word текст редакторында теріліп, баяндамасы бар файл автордың тегімен аталуы қажет.
- Парақтың форматы: А4, шрифт: Times New Roman, KZ Times New Roman, кегль – 12, жоғары және төменгі шегі – 2 см, оң шегі – 1 см, сол шегі – 3 см, жоларалық интервал – бір, азат жол шегінісі: 0,95.
- Баяндама атауы басында жазылады: БАС ӘРІППЕН (ҚАЛЫҢ ШРИФТПЕН) жолдың ортасында, баяндаманың жоғары жағында.
- Баяндама атауының астында ортасына кіші әріппен (қалың шрифтпен) автордың аты-жөні, тегі, ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы (болған жағдайда) жазылады
- Келесі жолда автордың немесе авторлардың жұмыс орны, лауазымы толық көрсетіледі
- Төменірек бір интервалдан соң баяндама (мақала) мәтіні беріледі.
- Әдебиеттер мен деректер тізімі баяндаманың соңында орналасады және мәтінде кездесу реті бойынша беріледі. Сілтемелер төртбұрышты жақшада нөмір түрінде тізім бойынша деректің бетін көрсетіп рәсімделеді [6, 2-б.].
- Барлық суреттер мен фотографиялар атауы берілген, қанық және 300 dpi-ден кем емес мүмкіндікте болуы және мақалаға jpeg форматында орналастырылуы тиіс.