Қабылдау комиссияларының байланыстары

Қазақ ұлттық хореография академиясы мен Жапонияның ҚР-дағы Елшілігі заманауи биді дамыту тақырыбында онлайн-дәріс өткізді

Науырыздың 10 күні Қазақ ұлттық хореография академиясы Қазақстан Республикасындағы Жапония Елшілігі және Жапония Үкіметінің Мәдениет істері агенттігімен бірлесіп, заманауи биден дәріс өткізді. Онлайн іс-шара екі ел арасындағы мәдени алмасу, сондай-ақ Жапония мен Қазақстандағы заманауи бидің қазіргі дамуы туралы ақпараттандыру мақсатында өткізілді. Дәріс тыңдаушылары – Академия студенттері, сонымен қатар Қазақстан, Жапония, Ресей Федерациясы және Әзірбайжан елдерінің студенттері мен мамандары болды. 

Жапонияның заманауи биі туралы Жапон мәдениет өкілі, профессор Акико Китамура айтып берді. Профессор «Жапонияның қазіргі заманғы билері» атты лекциясында Жапониядағы заманауи бидің қалыптасу тарихына тоқталды, сонымен қатар танымал шығармаларды қоюдағы тәжірибесімен бөлісті.

Шара барысында Әсел Абақаева мен Анвара Садықова да дәріс оқыды. Өнер магистрі, Қазақ ұлттық хореография академиясы Педагогика кафедрасының аға оқытушысы Әсел Абақаева Академия мен «Астана Балет» театрының оқу қызметіндегі заманауи хореографияның жағдайы туралы айтты.

Онлайн іс-шараның соңында өнертану ғылымының кандидаты, Қазақ ұлттық хореография академиясы режиссерлік кафедрасының аға оқытушысы Анвара Садықова қазақ биінің қалыптасуы мен дамуы туралы сөз сөйледі. А. Садықованың айтуынша, заманауи билерді дамыта отырып, ұлттық мәдениетті сақтау және насихаттау маңызды, өз кезегінде Академия ұлттық мәдениет пен жалпы әлемдік мәдениеттің игілігі болып табылатын қазақтың би өнеріне ұқыпты қарайды.

«Қазақ биін нақышына келтіріп кез-келген адам билей алмайды, өйткені қазақ хореографиясының барлық элементтері мен философиясы адамгершілік, сүйіспеншілік, қамқорлық пен дүниеге жақсылық сыйлай білудің көрінісіне құрылған. Бұл сөздер пафосқа толы болып көрінуі мүмкін, бірақ қазақ биінің элементтеріне қараңызшы: қолдың кең қимылы халықтың жан дүниесінің кеңдігін, ойының кеңдігін білдіреді. Қазіргі хореографтар ұлттық дәстүрлерді, нақты қимыл, мәнерде, стилде көрінетін мәдени-адамгершілік құндылықтарды сақтай отырып, хореография өнеріндегі заманауи тенденциялармен үйлесетіруге тырысады. Қазақ хореографиясының координациясы, пластикасы, орындау техникасы күрделене түсті», – деп түйіндеді А. Садықова. 

Яндекс.Метрика