Қабылдау комиссияларының байланыстары

Студенттер Президент Жолдауын талқылады

Қазақ Ұлттық хореография Академиясының Жастар істері комитеті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылады. «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты бұл жылғы Жолдауда қозғалған өзекті мәселелер көп болды. Студенттер де Жолдаудағы ерекше тұстарына тоқтап, өз ойларымен бөлісті.

Жастар істері комитетінің мүшесі Айнұр Сәменова «Адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту» тармағына тоқталып, ғылым мен білім саласына Президентіміздің аса назар аударғанын атап өтті. «Онлайн білім беру платформасының да шұғыл дайындалуына арнайы тапсырма берілді. Сапалы білім алу үшін мемлекет тарапынан қолдау бар, тек ынта-жігерді нығайтып, білім алуға деген құштарлықты арттыруымыз керек» деп сөзін қортындылады. Комитет мүшесі Нұржан Есеев болса Жолдаудағы денсаулық саласы туралы айтылған ойларды құптайтынын жеткізді. «Пандемия туындатқан дағдарыс бізді көп нәрсеге үйретті. Мәселен, дәрігердің еңбегін бағалай білетін болдық. Бір кезде медицина қызметкерлерінің мемлекет назарынан тыс қалғаны рас еді. Ал бүгінде Президентіміздің Жолдауында медқызметкерлерге, олардың статусына мән беруі – Еліміздің жағдайына мән берумен тең» деп ойын білдірді.

ZOOM платформасы арқылы өткен онлайн кездесуде студенттер өзара өзекті мәселелердің шешімін табуда Жолдаудың маңыздылығы жоғары екеніне тоқталды. Білімге құштар студенттердің ел жайына бей-жай қарамай өз ойларын тың жеткізе білуі де болашақ жастардың мықты іргетасы бүгіннен бастап қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.     

Яндекс.Метрика