Қабылдау комиссияларының байланыстары

Әзербайжандық әріптестеріміз Қазақ ұлттық хореография академиясына іс-сапар жасады

Қазақ ұлттық хореография академиясына Баку хореография академиясының доценті Егана Таптыгова мен профессоры Людмила Гасанова іс-сапар жасады. Шетелдік қонақтар академияның жұмысымен танысу және хореографиялық білім беру саласында тәжірибе алмасу мақсатымен келді.

Сапар барысында академия қонақтары Қазақ ұлттық хореография академиясының басшылығы – проректор Бибігүл Нүсіпжановамен және ғылыми жұмыс және стратегиялық даму жөніндегі директор Жанна Толысбаевамен кездесті.

Бакулық әріптестер академияның оқу үрдісін ұйымдастырудағы ерекшеліктерімен танысты. Академияның оқу бағдарламасы қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды.
«Біздің келу мақсатымыз – қазақ академиясының білім беру бағдарламасымен танысу, мүмкін әріптестеріміздің тәжірибесін қолдана алатын едік. Мысалы, Қазақ академиясында студенттер үздіксіз білім алып, кәсіби біліктіліктері туралы құжат алады. Біздің білім беру жүйемізде өзгерістер болды, қазіргі уақытта Баку академиясының студенттеріне квалификациясы туралы еш мәліметі жоқ, тек мектеп аттестаттары беріледі. Бұрын оқушылар мектеп бітірген соң балет әртісі мамандығын алатын болса, қазір олай емес. Осындай тәжірибе қазақ академиясында сақталған, бұл балет өнерінің дамуына оң әсерін тигізеді. Біз Қазақ ұлттық хореография академиясының басшылығы мен ұжымына жылы қарсы алғаны, ашықтығы, ынтымақтастық пен көмекке дайын болғаны үшін алғыс айтамыз – барлық сұрақтарымызға жауап алдық», – деді Е. Таптыгова.

Сонымен қатар Е. Таптыгова мен Л. Гасановаға академияның кітапханасы, мұражайы, тұрғын үй ғимараты және медициналық бөлімшесі көрсетілді. Шетелдік қонақтар заманауи жабдықтарды, оқу үшін жақсы жағдай жасалғанын атап өтті.

«Мұнда барлығы студенттердің кәсіби дамуы үшін ойластырылғаны маған қатты ұнады. Балаларға деген қамқорлық көрініп тұр. Біздің мамандық өте қиын, сондықтан академияларыңыздың ұсынатын жағдайлары өте маңызды – интернат, медициналық көмек, травматолог, тренажерлер, жүзу бассейні. Балалардың қабілеттерін дамытып қана қоймай, демалуға да, яғни денелерін қалпына келтіруге мүмкіндік жасалған. Мұның бәрі кешенді – бір академияның қабырғасында жүзеге асырылғаны өте жақсы, – деп, ескертті профессор Гасанова. – Жалпы, академияның жұмысы дәл ұйымдастырылған, әр маман өз ісін біледі. Сондай-ақ мен классикалық сабаққа қатыстым, алған әсерім мол. Шынында да осы жерде балеттің дамуы мен балаларыңыз балет өнерін көтеруі үшін барлық жағдай жасалған».

Сонымен қатар, Е. Таптыгова мен Л. Гасанова хореограф М.Тілеубаевтың 75 жылдығына арналған Республикалық пәндік олимпиада мен Жас хореографтар IV байқауына құрметті қонақтар ретінде қатысты. Сондай-ақ профессор Гасанова аталмыш байқауға төрелік етті. Аталған екі шара академия қабырғасында наурыздың 17 мен 18 күндері өтті.

Яндекс.Метрика