Қабылдау комиссияларының байланыстары

М.Тілеубаевтың 75 жылдығына арналған Республикалық пәндік олимпиада мен Жас хореографтар IV байқауы аяқталды

Қазақ ұлттық хореография академиясының ғимаратында өткен хореограф Мінтай Тілеубаевтың 75 жылдығына арналған Республикалық пәндік олимпиада мен Жас хореографтар IV байқауы аяқталды. Іс-шара екі күн бойы наурыздың 17 мен 18 күндері қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері арасында өтті.

Пәндік олимпиада Хореография мамандығының 3-4 курс студенттері арасында өткізілді. Студенттер олимпиаданың бірінші кезеңін өз оқу орындарында өтсе, соңғы екінші кезеңі Хореография академиясында өтті. Финалдық кезеңнің бірінші турында классикалық биді оқытудың теориясы мен әдістемесі, қазақ биін оқытудың теориясы мен әдістемесі сынды пәндер бойынша қатысушылар бағаланса, екінші турда студенттер «Балет және опера қойылымдары кезеңдері» атты музыкалық викторинада өз білімдерін көрсете білді, сонымен қатар «Портреттер» тақырыбында ғылыми-шығармашылық жобаларын ұсынды.

Байқау комиссиясының төрайымы «Астана Опера» театрының педагог-репетиторы Елена Шерстнева болды. Қазылар алқасының бірі ретінде ҚР еңбек сіңірген әртісі Наталья Гончарова да шақырылды.

Жас хореографтар IV байқауы Қазақстанның шығармашылық университеттерінің факультеттері мен кафедраларының студенттері арасында «Балетмейстер өнері» және «Хореография режиссурасы» бағыттары бойынша өтті. Байқаудың екі кезеңінде қатысушылар кез келген би стилі мен жанрында өз өнерлерін көрсете білді.

Қатысушылардың шығармашылық жұмысына төрелік етуге РКФСР еңбек сіңірген әртісі Константин Заклинский, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Балет» театры директорының орынбасары Валерий Күзембаев, Баку хореография академиясының профессоры Людмила Гасанова, WDSF халықаралық санаттағы төреші, «Қазақстан Республикасы Спорттық би федерациялары қауымдастығы» ЗТБ президенті Қабдолла Байжанов, Жас хореографтар І байқауының Гран-при иегері Әмина Самарбаева шақырылды.

Екі күннің қорытындысы бойынша Қазақ ұлттық хореография академиясының Academy Stars тобы пәндік олимпиадада 1-орын алды.

Сондай-ақ Жас хореографтар байқауында 1-орындарды Академия өкілдері – «А» номинациясында (соло) Арман Серікбай және «Б» номинациясында (дуэт, трио, топ) Мәди Аманбаев иеленді.

Жеңімпаздарды құттықтаймыз! 

Республикалық пәндік олимпиада жеңімпаздарының тізімі
3 орын – Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Томирис» тобы, Тараз қаласы.
3 орын – «Қорқыт Орда жастары» тобы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қызылорда қаласы.
3 орын –Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Нұрлы жастар» тобы, Шымкент қаласы.
2 орын – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Томирис» тобы, Алматы қаласы.
2 орын – Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы KazNAI ballet  тобы, Алматы қаласы.
1 орын –Қазақ ұлттық хореография академиясының Academy Stars  тобы, Нұр-Сұлтан қаласы.

 Жас хореографтар IV байқауы жеңімпаздарының тізімі
А номинациясы бойынша 3 орын – Сегізбаева Шамшырақ, Қазақ ұлттық хореография академиясы, Нұр-Сұлтан қаласы;
Б номинациясында 3 орын – Жұбатқанова Ұлжай, ХА. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Түркістан қаласы;
А категориясы бойынша 2 орын – Болатхан Мұхтархан, «Қазақ ұлттық хореография академиясы» Нұр-Сұлтан қаласы;
В номинациясында 2 орын – Тегіспаева Ләззат Әлібекқызы, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Алматы қаласы;
А категориясы бойынша 1 орын – Серікбай Арман, Қазақ ұлттық хореография академиясы, Нұр-Сұлтан қаласы;
Б номинациясында 1 орын – Аманбаев Мәди, Қазақ ұлттық хореография академиясы, Нұр-Сұлтан қаласы.

Яндекс.Метрика