Қабылдау комиссияларының байланыстары

Академияның докторанттары шетелдік тағылымдамадан сәтті өтті

Жыл сайын Қазақ ұлттық хореография академиясының докторанттары серіктес университеттерде шетелдік ғылыми тағылымдамадан өтеді. Биыл үшінші курс студенттері үшін дәстүрлі шетелдік тәжірибе Өзбекстан мен Болгарияда өтті.

Докторанттардың бірі Шерхан Мұхамеджанов білімін жетілдіру мақсатында Болгарияның София қаласында орналасқан Панчо Владигеров атындағы Ұлттық музыка академиясына барды. Шерхан Қазақ ұлттық хореография академиясында «Өнертану» білім беру бағдарламасы бойынша оқиды. Тағылымдама барысында шетел ғылымының теориялық және әдістемелік жетістіктерімен танысты. Шетел университетінің академиялық жетекшілері ұйымдастырған онлайн дәрістер мен шеберлік сабақтарына қатысты. Сондай-ақ, докторант электронды кітапхана арқылы зерттеп жатқан докторлық диссертация тақырыбы бойынша материалдармен танысуға және оқуға мүмкіндік алды.

«Екінші мәрте барғандықтан, өзіме керек толық мағлұмат жинап алдым және ғылыми кеңесшімен жұмысымды жаңа бағытта қарастыруға үлкен мүмкіншілік алдым. Болгарияда докторанттар тағылымдыма өтпейді және оларға шетелдік кеңесші берілмейді. Біздің еліміз қазақстандық докторонттарға осындай үлкен мүмкіншілік беріп жатқанына өте ризамын», – деді докторант Шерхан Мұхамеджанов.

Шетелдік тағылымдама аясында докторанттар серіктес университеттерге кемінде 30 күн мерзімге жіберіледі. Шетелдік жоғары оқу орнының ғылыми кеңесшісі, қазақстандық студенттерге зерттеу барысында туындаған сұрақтарына жауап беріп қана қоймай, жалпы диссертацияны жазуға көмегін береді. Шетелге сапар, болашақта диссертацияда қолданылатын маңызды материалды жинау үшін қажет. Бүгінде Қазақ ұлттық академиясында докторантурада 6 адам білім алуда.

Яндекс.Метрика