Қабылдау комиссияларының байланыстары

Алтынай Асылмұратова әлемдегі ең көне ағылшын журналына сұхбат берді

Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры, «Астана Опера» театры балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова әлемдегі ең көне басылым – Dancing Times ағылшын журналына би туралы сұхбат берді. Қазақстанның аты аңызға айналған балеринасымен Ұлыбританияның жетекші балет сыншыларының бірі Джеральд Даулер (Gerald Dowler) әңгімелесті.

Алтынай Асылмұратова өзінің танымалдылық шыңындағы мансабы туралы және А. Ваганова атындағы Орыс балеті академиясының көркемдік жетекшісі ретінде жұмыс тәжірибесі туралы естеліктерімен бөлісті, сондай-ақ, туған Қазақстанға оралуға не себеп болғанын айтып берді.

Сұхбат атаулы күнге орайластырылған – Мария театрының бұрынғы прима балеринасы осы жылдың қаңтарында 60 жылдық мерейтойын атап өтті. Алтынай Асылмұратова 80-ші жылдары көрермен мен театр сыншыларының сүйіктісі болып, Еуропа мен Американың ең үлкен театрларында би билеген. Ол өзінің труппасымен гастрольдік сапарларға шығып қана қоймай, сондай-ақ әлемдегі ең үздік балет ұжымдарымен қонақ келісімшарттар жасаған, бұл Кеңес дәуірінде әр әртіс үшін керемет мүмкіндік еді.  Алтынай Асылмұратова үш маусым қатарынан Ұлыбританияның Корольдік балетінде би биледі және ерекше қабілетті балерина ретінде Лондондық көрерменді таңғалдырды. Биік мансап шыңында ол сахнадан кетуге шешім қабылдады және Санкт-Петербургтегі А. Ваганова атындағы беделді Орыс балет академиясының көркемдік жетекшісі болып, онда 14 жылға жуық жұмыс істеді. 2015 жылдан бастап Алтынай Асылмұратова Қазақстанда «Астана Опера» театрының балет труппасының басшысы және ұлттық балет мектебі – Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры болып жұмыс істейді.

Қазақ ұлттық хореография академиясы – жас елорданың әлемдік өнердегі бетке ұстар білім ордасы. Бүгінгі таңда Академия Қазақстанның жетекші театрлары үшін кәсіби балет әртістерінің басты ұстаханасы және Орталық Азиядағы ең ірі балет мектебі болып табылады.

Сұхбат Елорда күнін мерекелеу қарсаңында жарияланған. Сұхбаттың толық нұсқасымен сілтеме бойынша танысуға болады.

Айта кетейік, «Dancing Times» Ұлыбританияда 1894 жылдан бастап ай сайын шығарылады және биге арналған әлемдегі ең көне және беделді мерзімді басылым болып табылады.

Dancing Times Magazine

 

Яндекс.Метрика