Қабылдау комиссияларының байланыстары

Астанада “BIRLIK”жаңа музыкалық-би ұжымының тұсаукесері өтті

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 2024 жылғы 1 наурыз – Алғыс айту күні, жаңа «Бірлік ансамблі» атты ән-би ұжымының тұсаукесері- концерт өтті.

Шығармашылық ұжым Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының жанынан жанды аспаптық сүйемелдеумен әлем халықтарының билерін зерделейтін және кәсіби деңгейде орындайтын халықаралық ұжымды қалыптастыру, өскелең ұрпақты басқа ұлттардың өнері мен мәдениетімен таныстыру, сондай-ақ қоғам санасында мәдени код ретінде көп ұлтты Қазақстан халқының бірлігін нығайту мақсатында құрылды.

«Қазақстан мен ТМД елдері тарихында тұңғыш рет көпұлтты ән мен би ансамблін құрдық. Ұжымның бірегей репертуары қазақ халқының тарихымен және тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуымен тығыз байланысты 130 этностың музыкалық мұрасы мен өнерін қамтиды. Ансамбль әртүрлі халықтарды біріктіретін бірлік пен үйлесімнің нышанына және Қазақстанның брендіне айналатынына сенімдімін», – деді Аида Балаева.

«БІРЛІК» ансамблін құру жұмысы аясында кастинг өткізіліп, түрлі ұлт өкілдері мен мультиаспапшылардан тұратын 20 үздік бишілер мен музыканттар іріктелді. Айта кетейік, ансамбльдің 13 мүшесі Қазақ ұлттық хореография академиясының мектеп-колледжінің студенттері.

1 наурыз күні Бейбітшілік және келісім сарайының сахнасында көпшілік және жеке хореографиялық шығармалар, аспаптық және вокалдық нөмірлер орындалды. Би нөмірлерін және бірегей би композицияларын қою мақсатында бірлескен жұмыс пен тәжірибе алмасу үшін көрнекті шетелдік хореографтар, Ресей, Татарстан, Өзбекстан және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері шақырылды.

Яндекс.Метрика