Қабылдау комиссияларының байланыстары

«АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне экскурсия ұйымдастырылды

2021 жылдың 5 ақпанында тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер бөлімінің ұйымдастырушы-педагогы Алпамыс Өскенбайұлы Шаримов «Арт-менеджмент» мамандығының 1-2 курс студенттері үшін «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне экскурсия ұйымдастырды. 1937-ші жылы ІІХК-ның арнайы бұйрығымен салынған Ақмола халық жаулары әйелдерінің лагері кейін баршаның аузында «АЛЖИР» деп аталып кеткен. Азап орталығында 20 мыңға жуық нәзік жандар қамауда болған. Қарағанды лагерінің 17-ші бөлімшесінің артынан 26-шы нүкте болып құрылған осынау тозақ орталығында небір ел жайсаңдарының зайыптары, қыздары мен қарындастары жазықсыздан-жазықсыз жапа шекті.

Жаппай саяси қуғын-сүргін Қазақстан тарихындағы ең қайғылы беттердің бірі екені айтпаса да белгілі. Мемориалды кешеннің аумағына кірген студенттер қуғын-сүргін атмосферасына түскендей болды.

Студенттер кеңестік режимнің қорқынышты шындығын үлкен қызығушылықпен тыңдады. Гид осы күні ұсынылған барлық экспозицияларға тоқтап барлығын егжей-тегжейлі айтып берді. Ұсынылған жәдігерлер, экскурсия жетекшісінің мазмұнды дәрісі студенттерге ұмытылмас әсер қалдырды. 

Мұражайға барғаннан кейін студенттер өз пікірлерімен, алған әсерлерімен бөлісті. Олар күнделікті өмірдің қиыншылықтарына қарамастан, өз халқының тарихы мен тамыры туралы ұмытпауымыз керек деген пікір білдірді. Бұл экскурсия студенттердің есінде ұмытылмас із қалдырғаны сөзсіз.

Яндекс.Метрика