Қабылдау комиссияларының байланыстары

Қазақ ұлттық хореография академиясының түлектеріне салтанатты түрде диплом табыстау рәсімі

2023 ж. 24 маусым күні Қазақ ұлттық хореография академиясының бітіруші түлектеріне диплом табыстау рәсімі «Астана Опера» театрының мәрмәр залында салтанатты түрде өтті. Залда қуаныштан толқыған ата-аналар, оқу ордасынан кәсіби маман атанып, еңбек жолына қадам басқалы тұрған түлектер, ықылас гүлдерін алған ұстаздар ерекше көтеріңкі көңіл күйге бөледі.

Академияның көркемдік жетекшісі Асылмұратова Алтынай Абдуахимовна құттықтау сөз сөйледі. Ол үлкен қуанышпен кәсіптік білім беру мектеп-колледждің «Хореография өнері» мамандығы бойынша «Балет әртісі» және «Би ансамблінің әртісі» біліктіліктері бойынша дипломдар табыс етті.

Бакалавриат және магистратура түлектерін құттықтау үшін Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Нүсіпжанова Бибігүл Нұрғалиқызы шақырылды. Ол түлектердің дипломдарын құрметпен табыстап, ұжымның ұлағатты ұстаздарына, түлектеріне, залға жиналған ата-аналарға ризашылығын білдірді. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім түлектеріне «Хореография педагогикасы», «Спорттық бал биінің педагогикасы», «Өнертану» және «Арт-менеджмент» білім беру бағдарламалары бойынша оқуды аяқтағаны туралы дипломдар құрметпен табысталды.

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Шомаева Дилара Академия тарихында алғаш рет «Өнертану» білім беру бағдарламасы бойынша докторлық диссертация қорғап, философия докторы (PhD) дәрежесін алды.

«Астана Опера» театрының жетекші солисі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері Мәдина Өнербаева түлектерге таусылмас шығармашылық шабыт пен ұзақ сахналық өмір тіледі.

Үміттерін үкілеп, үлкен өмірге қадам басқан түлектер  Қазақ ұлттық хореография академиясының атын биік алып жүреріне еш күмән жоқ. Өнер биігіне шығар жолда қанаттарыңыз талмай, алтын ұяларыңыз мақтан тұтар шебер маман болуларыңызға тілектестік білдіреміз.  

Яндекс.Метрика