Қабылдау комиссияларының байланыстары

«Ұлы дала елінен» онлайн-концерті

Қазақ ұлттық хореография академиясының түлектері Аққанат Смағұлова мен Жания Қанат, сондай-ақ аға оқытушы Анвара Садықова шетелде тұратын қазақ диаспорасына арналған «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің «Ұлы дала елінен» концертіне қатысты. 

Академия тәрбиеленушілері «Тұран» ансамблінің өңдеуіндегі Н. Тілендиевтің музыкасына қойылған «Қос аққу» хореографиялық композициясын орындады. Анвара Садықова «Тұран» ансамблінің «Сырласу» туындысына хореографиялық миниатюрамен өнер көрсетті.

«Тұран» ансамблі мен Қазақ ұлттық хореография академиясының арасында жемісті шығармашылық ынтымақтастық орнаған. Бірлескен жұмыс хореографиялық композициялар түрінде өз жемісін беруде, олар халықаралық байқауларда, фестивальдер мен гастрольдік сапарларда көрсетіліп, Казақстанды танытуда. Әсіресе, хореография факультетінің аға оқытушысы Анвара Садықованың қойылымындағы Дәулеткерейдің музыкасына «Жастар», «Тұран» ансамблінің музыкасына «Балбөбек», Н. Тілендиевтің музыкасына «Аққулар», Мүкейдің музыкасына «Тәңір -Ұмай» және тағы басқа композицияларды атап өтуге болады. Анвара Әріпқызы кәсіби балет әртісі және «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» республикалық жобасының жеңімпазы.

«Ұлы дала елінен» онлайн-концертін ұлттық бірегейлікті сақтау және шетелдегі қазақ диаспорасына рухани қолдау көрсету мақсатында Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен Бүкіл әлемдік қазақ қауымдастығы, «Отандастар» қоры және «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы ұйымдастырды.

Яндекс.Метрика