Қабылдау комиссияларының байланыстары

Шеберлік пен талант: Қазақ ұлттық хореография академиясының студенті «Сұлтан Бейбарыс» спектаклінде басты рөлді ойнады

Желтоқсан айында «Астана Балет» театры «Сұлтан Бейбарыс» премьералық қойылымын ұсынды. Бүкіл оқиға желісіне арқау болған қойылымның хореографиялық жаңалығы, заманауи технологиялар мен ұлттық нақыштары әртістердің шеберлігін жоғары бағалаған елордалық талғампаз көрермендердің көңілінен шықты.             

«Сұлтан Бейбарыс» балеті мәмлүктердің ең әйгілі көсемі, Мысыр мен Сирия сұлтанының өмір жолы туралы баяндайды. Хореография мен музыка тіліндегі  қойылым болашақ көшбасшының балалық кезеңін, құлдықта болған уақытын, оның жауынгер ретінде қалыптасуын және көптен күткен, бірақ оған ешқашан жан тыныштығын әкелмеген атақ-даңқын сипаттайды.             

Академия мектеп-колледжінің түлегі, ал қазір хореография факультетінің екінші курс студенті Айдан Қалжанның сахнада Сұлтан Бейбарыстың басты партиясын керемет сомдағаны Қазақ ұлттық хореография академиясы оқытушыларының ерекше мақтанышына айналды.

Айдан Қалжан «Астана Балет» театрында екінші маусым жұмыс істейді. Осындай қысқа мерзімге қарамастан, ол театр репертуарындағы қойылымдарда бірнеше жеке партияларды билеп үлгерді. Бірақ оның «Сұлтан Бейбарыста» басты партияға ұсынылуы үлкен жетістік екені сөзсіз. Бұл ең алдымен оның өзі және біздің хореография факультеті үшін үлкен жеңіс, ол қазір режиссура бөлімінде бакалавриатта оқиды. Ол шеберлігі және талантымен рөлді тамаша сомдады, онсыз ұлы Сұлтанның тарихын би тілінде жеткізу мүмкін болмас еді. Сонымен қатар, оның келісті дене бітімі, физикалық сипаттамалары, батыл келбеті бұл партияға сәйкес келеді. Біз студенттеріміз бен түлектеріміздің осындай жеңістері мен жетістіктеріне әрдайым қуаныштымыз және мақтан тұтамыз», – деді Қазақ ұлттық хореография академиясының хореография факультеті «Режиссура» кафедрасының меңгерушісі Мұрат Тукеев.            

Сондай-ақ, жас әртіс Айдан Қалжанның кәсіби шеберлігі оған елдің бірінші тұлғалары алдында Бейбарыс сұлтанды орындау сеніп тапсырылғандығынан көрінеді.           

Балеттік спектакльді жасауда жоғары кәсіби мамандар, еңбек сіңірген өнер қайраткерлері жұмыс істеді. Қоюшы-хореограф – «Астана Балет» театрының бас хореографы Мукарам Авахри, либреттоның авторы – ақын, кинорежиссер Бақыт Қайырбеков, композиторлары – Хамит Шанғалиев пен Әлібек Алпиев, жобаның продюсері – театрдың арт-менеджері Әсел Исабаева.             

Бүгінде біздің студенттер мен түлектер «Астана Балет» театрының барлық қойылымдарына қатысады, олар бірнеше жылдан бері театрдың балет труппасының құрамында өнер көрсетіп келеді. Сонымен қатар, олардың көпшілігі «Астана Операда», «Наз» би театрында, қалалық филармонияда және тағы басқа өнер ордаларында еңбек етеді. Өйткені, олар, ең алдымен, жақсы білім алған әртістерді ұжымға қабылдауға тырысады.Біздің академияда ұзақ жылдар бойы сахнада өнер көрсеткен жоғары кәсіби оқытушылар тобы студенттермен жұмыс істейді. Біздің студенттердің қазіргі кезде қазақстандық өнерде сұранысқа ие екендігі қуантады. Олардың шеберліктерін отандық және шетелдік сарапшылар жоғары бағалайды », – деді Мұрат Тукеев. 

Яндекс.Метрика